Шымкентте болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Апаттан кейін автокөлік өртеніп кеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көліктің толықтай отқа оранғанын анықтап, өртті сөндірген.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен екі адам жедел медициналық көмек қызметінің мамандарына тапсырылды. Екі науқастың да жағдайы ауыр», – деп хабарлады ведомство.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, дүкен ғимаратына соғылған. Соққыдан кейін автокөлік өртенген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері апаттың барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан зардап шеккен екі адам №1 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.