Жүргізуші куәлігі жоқ жігіт басқарған көлік ағашқа соғылып, алты адам тірідей жанып кетті

Жүргізуші куәлігі жоқ жігіт басқарған көлік ағашқа соғылып, алты адам тірідей жанып кетті
Фото: әлеуметтік желі

Ресейдің Татарстан Республикасында адам шошырлық жол-көлік оқиғасы болып, алты адам қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте 15-16 жастағы жасөспірімдер отырған, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға Зеленодольск қаласында болған. Жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен ағашқа соғылып, соққыдан кейін бірден өртке оранған. Салдарынан жүргізуші мен бес жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Апаттан тек 15 жастағы бір жасөспірім ғана аман қалған. Дәрігерлердің айтуынша, оның денесінің шамамен 30 пайызы күйіп қалған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Ол есін білгенімен, ауыр психологиялық күйзелістің салдарынан көлікті кім басқарғанын әзірге айта алмаған.

Қаза болғандардың денелері қатты күйіп кеткендіктен, олардың жеке басын анықтау үшін генетикалық сараптама тағайындалған.

Татарстан прокуратурасының мәліметінше, жол апаты 24 шілдеге қараған түні Зеленодольск қаласындағы Волжская көшесінде болған.

Кейін құқық қорғау органдары көлікті жүргізуші куәлігі жоқ 30 жастағы ер адамның басқарғанын хабарлады. Аталған дерекке байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің 264-бабының 5-бөлігі бойынша, жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір жергілікті тұрғындар апат болған жерге гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды еске алып, олардың жақындарына көңіл айтуда.