Ош облысының Ноокат ауданында төрт ай бұрын күмәнді жағдайда көз жұмған 21 жастағы Айжаныл Аликараеваның мәйіті қабірден қайта шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның күйеуінің туыстары оның өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын айтқанымен, қыздың жақындары бұған сенбей, өліміне зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп есептейді.
Марқұмның туыстары істің әділ тергелуін талап етіп жатқанын айтып отыр. Ал полиция комиссиондық сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Қайғылы оқиға биыл 19 ақпанда болған. Арада төрт ай өтсе де істің сотқа жетпегеніне наразы болған марқұмның ата-анасы алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына күмән келтіріп, мәйітті қайта қазып алып, эксгумация жасауға қол жеткізген.
Марқұмның әпкесі Уулча Орунбаеваның айтуынша, алғашқы сараптама Айжанылды «екіқабат болмаған» деген қорытынды шығарған. Алайда анасы қызы қайтыс болар алдында жүкті екенін айтып сүйінші сұрағанын, сондай-ақ фото мен бейнежазбалар жібергенін айтып, алғашқы сараптаманың қорытындысына күмән келтіріп отыр.
Анасының айтуынша, мәйітті қайта қазып алғанжа оның жатыры мен бүйрегі жоқ екенін көрген. Анасы ол ағзалар қайда кетті? деп шырылдап отыр.