Астанада шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2024–2025 жылдары шетел азаматтарына Қазақстанға келмей-ақ және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтпей ЖСН алуға көмектескен заңсыз схема жұмыс істеген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетел азаматтарына ЖСН тек олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және биометриялық тексеруден өтуі арқылы беріледі.
ҚМА мәліметінше, заңсыз қызметті ұйымдастырушылар әлеуметтік желідегі арнайы арна арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтарын іздеп, тартқан.
Схемаға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласындағы филиалының қызметкерлері де қатысқан. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген.
Заңсыз қызмет үшін төленген қаражат делдалдар арқылы банк аударымдарымен қабылданып, кейін қатысушылар арасында бөлінген.
Аталған қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Осы орайда Астанада шетел азаматтарына ЖСН - ды заңсыз рәсімдеу схемасының әшкереленуіне қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мәлімдеме жасады.
"2025 жылы Мемлекеттік корпорация шетел азаматтарына ЖСН рәсімдеу барысында белгіленген тәртіптің сақталмауына байланысты жекелеген фактілерді өз күшімен анықтады. Аталған жағдай бойынша дереу қызметтік тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде заңбұзушылықтар расталды. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Осы тұста, Мемлекеттік корпорация мұндай жағдайларды болдырмауға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды іске асырғанын жеткіземіз.
Атап айтқанда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесі (ХҚКО ИАЖ) шетел азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы мәліметтерді, оның ішінде олардың сәйкестендіру деректерін алуға мүмкіндік беретін «Беркут» бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Соның нәтижесінде шетел азаматының Қазақстан Республикасының аумағында екенін растайтын мәлімет болмаған жағдайда ЖСН рәсімдеуге мүмкіндік бермейтін автоматтандырылған бақылау тетігі енгізілді. Сонымен қатар «Беркут» ақпараттық жүйесінен келіп түскен өтініш берушінің дербес деректеріне ХҚКО қызметкерлерінің өзгеріс енгізу мүмкіндігі толықтай алынып тасталды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңына сәйкес өтініш беруші міндетті түрде жеке келуін көздейтін қосымша бақылау механизмі енгізілді.
Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызмет көрсету барысында орын алатын заңбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасын, ішкі регламенттерді, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарын бұзуға қатысты мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады" делінген хабарламада.
Айта кету керек, Мемлекеттік корпорация 2024 жылы өз бетінше анықтаған 90 материалды, 2025 жылы 91 материалды, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 23 материалды құқық қорғау органдарына жолдады.