АҚШ-тың Вирджиния штатындағы I-95 тасжолында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан бес адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Қайғылы оқиға жолаушылар автобусының жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтағы кептеліске соғылуынан басталған, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, автобус жүргізушісі алда тұрған көліктер легін дер кезінде байқамай, бірнеше жеңіл көлік пен жол талғамайтын көлікке соғылған. Қатты соққыдан кейін көліктердің бірі өртеніп кеткен. Оқиға орнында дүрбелең туындап, кейбір жолаушылар сынған терезелер арқылы сыртқа шығуға мәжбүр болған.
Апат салдарынан көз жұмғандардың арасында тойға бара жатқан төрт адамнан тұратын бір отбасы бар. Олар мерекелік шараға қатысу үшін жолға шыққан. Отбасының бірнеше мүшесі оқиға орнында қаза тапса, тағы бір туысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Жол апатынан кейін оқиға орнына ондаған құтқарушы, өрт сөндіруші және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды. Барлығы 40-тан астам адам түрлі жарақат алып, жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Кейбір зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Қазір автобус жүргізушісіне абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет бойынша айып тағылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеушілер жүргізушінің жылдамдық режимін сақтаған-сақтамағанын және оның шаршау факторын да тексеріп жатыр.
Бұл апат АҚШ-та биылғы жылы тіркелген ең ірі жол-көлік оқиғаларының бірі ретінде бағаланып отыр.