Жігер Ауыпбаев жарымен қалай танысқанын айтты (ВИДЕО)

Жігер Ауыпбаев жарымен қалай танысқанын айтты (ВИДЕО)
Фото: Видеодан кадр

Белгілі әнші Жігер Ауыпбаев жақында ғана екінші рет шаңырақ көтергеннен кейін алғаш рет жеке өмірі туралы ашық пікір білдірді. Өнер иесі «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында жары Муминамен қалай танысқанын және не себепті қайта отбасын құруға шешім қабылдағанын айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, ұзақ уақыт жалғыз жүргеннен кейін өмірлік серік табудың маңызын терең түсінген.

«Ер адам үшін жанында сырласатын, ақылдасатын жарының болғаны өте маңызды. Кейде мейрамханада бірге отырып әңгімелесіп отырған ерлі-зайыптыларды көріп қызығатынмын. Үйге келгенде жалғыздық қатты сезілетін. Маған өткенімді қазбаламайтын, өмір жолымды қабылдайтын жан керек болды», – деді ол.

Жігер Ауыпбаев бұл шешімге асықпай келгенін де жасырмады. Оның айтуынша, бірнеше арумен сөйлескенімен, басынан-ақ уақытша қарым-қатынас емес, болашақ жарын іздеп жүргенін ашық айтқан.

«4-5 қызбен сөйлестім. Барлығына: “Маған жай ғана қыз-жігіт болып жүру керек емес. Болашақ жарым болатын адамды іздеп жүрмін” дедім. Кейін Меккеге барып, Алладан жар тіледім. Алматыға оралған соң туған қарындасым Муминамен таныстырды», – деді әнші.

Өнер иесі қазіргі жары Муминамен арадағы жас айырмашылығы 15 жыл екенін айтты. Бүгінде Мумина 23 жаста. Екеуі бір жыл бойы араласып, бір-бірін жақынырақ танығаннан кейін ғана отбасын құруға шешім қабылдаған.

«Мумина мені қатты жақсы көреді, құрметтейді, азамат ретінде бағалайды. Үлкен ұлым 15 жаста, яғни Муминадан сегіз жас кіші», – деп бөлісті Жігер Ауыпбаев.