ЖИ жазған мәтінді тексермей оқыған депутат жұрттың сынына ұшырады (ВИДЕО)

ЖИ жазған мәтінді тексермей оқыған депутат жұрттың сынына ұшырады (ВИДЕО)
Коллаж: Видеодан кадр

Канаданың Нью-Брансуик провинциясының депутаты Билл Оливер парламент отырысында сөз сөйлеп тұрып, күтпеген ыңғайсыз жағдайға тап болды, деп хабарлайды ult.kz.

Сөзінің бір тұсында ол жасанды интеллекттің мәтінді қалай өңдеу керектігі туралы қызметтік нұсқаулығын байқамай дауыстап оқып жіберген. Нақтырақ айтқанда, құжатта «мәтінді жай тізім ретінде емес, парламенттік баяндама стилінде жатық етіп құрыңыз» деген ескерту болған.

Бұл жағдай саясаткердің немесе оның көмекшілерінің баяндама дайындау кезінде жасанды интеллектіні пайдаланғанын, алайда дайын мәтінді толық тексермегенін аңғартады.

Парламент отырысы кезінде бұл қателікке ешкім назар аудармаған. Алайда бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін оқиға кеңінен талқыланып, көпшілік депутаттың кәсібилігіне күмән келтірді. Кейбір қолданушылар оның қызметтен кетуін талап етіп, мұндай немқұрайлылық мемлекеттік қызметкерге жараспайтынын жазды.