"Жетпіске келсем де, әлі баламын": Нағима Есқалиева Сәкен Майғазиевтің үйінде көз жасына ерік берді

"Жетпіске келсем де, әлі баламын": Нағима Есқалиева Сәкен Майғазиевтің үйінде көз жасына ерік берді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева жақында анасынан айырылған әнші Сәкен Майғазиевтің шаңырағына арнайы барып, көңіл айтты. Өнер иесі дастархан басында ана туралы толғанып, көз жасын тыя алмады, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші қаралы отбасына қолдау білдіріп, анадан айырылудың қаншалықты ауыр екенін айтты. Әңгіме барысында ол өзінің де анасы туралы сөз қозғап, жасы жетпіске келсе де, әлі күнге дейін анасының алдында бала болып қалатынын жеткізді.

"Әке мейлі ғой, бірақ анадан айырылу өте қиын. Оңай емес. Қырыққа, елуге, алпысқа, міне жетпіске де келдім. Мамам тірі. Әлі күнге дейін ұрысады, әлі күнге дейін баламыз", – деді Нағима Есқалиева.

Осы сөздерді айтқан сәтте әншінің көңілі босап, жанарына жас үйірілді. Ол адамның жасы қаншаға келсе де, анасының мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж болатынын өз өмірінен мысал келтіре отырып жеткізді.

Өнер иесінің шынайы көңіл күйі желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көпшілік оның аналық мейірім туралы айтқан сөздеріне тебіреніп, жылы лебіздерін білдірді.

"Анаңыз ұзақ жасасын", "Нағима апай керемет адам", "Өте жақсы көремін бұл кісіні", "Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз", – деп жазды оқырмандар.

Желі қолданушылары Нағима Есқалиеваның Сәкен Майғазиевтің отбасына арнайы барып, қайғысына ортақтасқанын да жылы қабылдады.

Еске сала кетейік, 13 қазанда танымал әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің анасы дүниеден өтті. Бұл қаралы хабар өнер иесінің жақындары мен жанкүйерлерін қайғыға батырды.

Нағима Есқалиеваның көңіл айтуға келген сәтінде айтқан сөздері ана қадірін тағы бір мәрте еске салып, көпшіліктің жүрегін тебірентті.

Нағима Есқалиева кім?

Нағима Қабылқызы Есқалиева – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, актриса, тележүргізуші, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1954 жылы 3 ақпанда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Фабричный кентінде дүниеге келген. Болашақ әнші көпбалалы отбасында өсіп, бала кезінен өнерге қызығушылық танытқан. Алғашында актриса болуды армандаған ол кейін әншілік жолды таңдады.

Нағима Есқалиева Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында белгілі әнші Лаки Кесоглудан дәріс алып, кейін Алматы музыкалық училищесін тәмамдаған.

1977 жылдан бастап "Қазақконцерт" бірлестігінде еңбек етіп, кейін әйгілі "Гүлдер" ансамблінің құрамында өнер көрсетті.

1985 жылдан бастап Алматы облыстық филармониясының эстрадалық труппасына жетекшілік етті.

Өнердегі жетістіктері үшін 1985 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, ал 1999 жылы Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды.

Әнші "SuperStar KZ" және "X Factor" музыкалық жобаларында қазылар алқасының мүшесі болып, жас таланттардың танылуына үлес қосты. Бүгінде Нағима Есқалиева қазақ эстрадасының дамуына елеулі еңбек сіңірген, бірнеше буын тыңдарманның ықыласына бөленген өнер иелерінің бірі саналады.