Америкалық музыкант, диджей әрі продюсер Хуан Аткинс 64 жасында қайтыс болды. Қаралы хабарды оның өкілі Greensmith Artists агенттігі растаған, деп хабарлайды ult.kz.
Музыкант Мехикодағы YuYu Cine Club сахнасында өнер көрсетуге тиіс болған. Алайда концерт алдында оны қонақүй бөлмесінен ес-түссіз күйде тапқан. Аткинс ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Өлімінің нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Хуан Аткинс 1962 жылы Детройтта дүниеге келген. Ол Деррик Мэй және Кевин Сондерсонмен бірге техно музыкасының қалыптасуына жол ашқан Belleville Three үштігінің өкілі ретінде танылды. Олардың шығармашылығы Детройтты электронды музыканың маңызды орталықтарының біріне айналдырды.
Аткинс Ричард Дэвиспен бірге Cybotron жобасын құрып, кейін Model 500 есімімен жеке шығармашылығын жалғастырды. Оның «Clear» және «No UFOs» туындылары электронды музыка тарихындағы маңызды шығармалар саналады. Сондай-ақ музыкант Metroplex лейблінің негізін қалап, жаңа орындаушылар мен өз туындыларын танытуға мүмкіндік жасады.