"Кім үшін жас көрінгім келеді?": Дана Нұржігіт қартаюға қатысты көзқарасы өзгергенін айтты

"Кім үшін жас көрінгім келеді?": Дана Нұржігіт қартаюға қатысты көзқарасы өзгергенін айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт жас ұлғайған сайын өмірге деген көзқарасы өзгергенін айтып, жас көрінуге тырысудан бас тартқанын жеткізді. Ол бұл туралы Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тележүргізушінің айтуынша, бүгінде ол жасын жасыруға немесе сырт келбетін жасартуға ұмтылмайды. Керісінше, өмірінің әр кезеңін табиғи қалпында қабылдауды үйренген.

"Мен шашыма кірген ақпен күресуді қойдым. Өзімді кілт тоқтаттым. Мен кім үшін жас көрінгім келеді? Жасымды жасырғым келмейді", – деді Дана Нұржігіт.

Ол уақыт өткен сайын адамның сыртқы келбеті ғана емес, өмірге деген көзқарасы да өзгеретінін аңғартты. Әсіресе баласының өсіп, есейіп келе жатқаны өзінің де жас ұлғайтып жатқанын еске салатынын айтты.

"Баламның есейіп келе жатқаны – менің қарттыққа қадам басқанымның көрінісі", – деді тележүргізуші.

Әңгіме барысында Дана Нұржігіт марқұм әкесін де еске алды. Оның айтуынша, әкесі небәрі 39 жасында өмірден өткен. Сондықтан тележүргізуші қазіргі жасына жетудің өзін үлкен бақыт әрі Жаратқанның сыйы деп қабылдайды.

"Бұл жасқа тіпті менің әкем де жеткен жоқ. 39 жасында қыршыннан үзілді. Маған Құдайдың беріп отырған, келіп отырған елуден артық жасына мен тек разылық айтуым керек қой. Сол үшін күресуді қойдым", – деді ол.

Дана Нұржігіттің сөзінше, осы ойлар оның өмірлік ұстанымын өзгерткен. Бұрын мән берген кейбір нәрселердің уақыт өте келе соншалықты маңызды емес екенін түсінген.

"Өмірді басқаша қырынан көре бастадым. Ненің маңызды екенін, ненің ұсақ-түйек екенін анық түсіндім", – деп түйіндеді тележүргізуші.

Осылайша, Дана Нұржігіт жасын жасыруға тырысқаннан гөрі, әрбір өткен жылға шүкіршілік етіп, өмірдің қадірін түсінуді маңызды санайтынын жеткізді.