Бірін студенттік шақ жақындастырса, енді бірінің таныстығы концертте немесе телетүсірілімде басталған. Отандық шоу-бизнесте өнер арқылы жолы түйісіп, кейін отбасын құрған жұптар аз емес. Олардың алғашқы кездесуі қалай өтті, әріптестік қай кезде махаббатқа ұласты? Ult.kz тілшісі өнер тоғыстырған 4 жұптың танысу тарихын ұсынады.
Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова
Жанболат пен Жазираның таныстығы Алматыдағы эстрада-цирк колледжінде басталған. Өнер қуып келген екі жастың жолы студенттік шақта түйіскен. Жазираның айтуынша, Жанболат оған бірден сезімін білдірмеген. Сабақтан кейін бірге қайтып, әңгімелесіп, бірте-бірте жақындай түскен.
Жанболат кейде жатақханаға екі аялдама қалғанда автобустан түсіп, жаяу жүруді ұсынатын болған. Алғашында мұндай кездесулерге аса мән бермеген Жазира кейін оның ықыласын байқаған. Екеуінің достығы осылайша махаббатқа ұласқан.

Жастар алдымен шаңырақ көтеріп, кейін шығармашылық дуэт құрған. Үлкен сахнаға шыққанға дейін мейрамханада ән айтып, қажетті музыкалық құрылғыларын өздері сатып алған. Бүгінде көпшілік оларды жеке орындаушылардан бұрын, есімдері қатар аталатын әнші жұп ретінде таниды.
Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева
Тоқтар Серіков болашақ жарын алғаш рет 2000 жылы «Нұр-Мұқасан» тобының концертінде көрген. Сол кеште Бейбіттің дауысы әншіге ерекше әсер қалдырған. Тоқтар оның өнеріне сүйсініп, жақынырақ танысуға ниеттенген.
Әнші кейінгі сұхбаттарының бірінде Бейбіттің назарын аудару үшін апорт алмасын сыйлағанын еске алған. Дегенмен екеуінің арақатынасы бірден ғашықтыққа ұласпаған. Олар ұзақ уақыт аға-қарындас ретінде араласқан.

Ортақ концерттер мен бірге орындаған әндер қос өнерпазды жақындата түскен. Бейбіт 2002 жылы Тоқтардың шығармашылық кешінде де сахнаға шыққан. Бірнеше жылға созылған таныстықтан кейін екеуі 2007 жылы отбасын құрған. Осылайша сахнадағы серіктестік өмірлік одаққа айналған.
Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина
Қыдырәлі мен Қарақат үшін 1 желтоқсан — алғашқы кездесуді еске түсіретін ерекше күн. Олар 1996 жылы мерейтой кешінде танысқан. Ол кезде Қыдырәлі «АБК» тобы арқылы танылып үлгерсе, Қарақат консерваторияда білім алып жүрген.

Қарақаттың естелігінше, сол кеште «АБК» тобын өздеріне қарама-қарсы үстелге отырғызған. Екеуінің көзқарасы бірнеше рет түйісіп, жас әнші ұялып қалған. Кейін Қыдырәлі оның өнеріне жылы пікір айтып, шығарып салуды ұсынған.
Алғашқы кездесуден кейін Қыдырәлі Қарақатты жатақханасына іздеп келген. Таныстықтары жалғасып, жастар 1999 жылғы 20 тамызда шаңырақ көтерген. Кейін жеке шығармашылықтарын қатар дамытып, бірге де ән орындады. Олардың ортақ тарихында өнер алғашқы таныстыққа себеп болып, отбасылық өмірінің де бір бөлігіне айналған.
Бүркіт пен Аиша
Бүркіт пен Аишаның қарым-қатынасында шығармашылық әріптестіктің орны бөлек. Бүркіт болашақ жарының продюсері болып, оның әншілік жолын бастауына көмектескен. Ән таңдау, студиядағы жұмыс пен бейнебаян түсірілімдері екеуін жақындата түскен.
2009 жылы Аишаның «Раба любви» әніне бейнебаян жарық көрген. Туындының музыкасын Бүркіт жазған. Кейін олардың кәсіби байланысы жеке өмірде жалғасып, қос өнерпаз 2010 жылы отбасын құрған.

Бүркіт сұхбаттарында Аишаға үйлену туралы ұсыныс жасағанымен, оның бірден келісе қоймағанын айтқан. Соған қарамастан, таныстықтары некеге ұласқан. Кейін тыңдарман оларды жеке әншілер ретінде де, сахнада бірге өнер көрсететін дуэт ретінде де қабылдады.