Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану жөнінде маңызды ескерту жасады. Ведомство интернеттегі қауіпсіздік қарапайым ережелерді сақтаудан басталатынын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өмірдегі маңызды сәттермен бөлісуге мүмкіндік береді. Алайда жеке өмірге қатысты мәліметтерді ашық жариялау түрлі қауіпке әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты министрлік жасөспірімдерге мынадай кеңестер берді:
Үй мекенжайын, телефон нөмірін, оқитын мектебін, сабақ кестесін және бейтаныс адамдарға орналасқан жеріңізді анықтауға көмектесетін басқа да жеке мәліметтерді жарияламаңыз.
Геолокациясы қосылған фото мен стористі нақты уақыт режимінде салмаңыз. Мұндай жазбаларды ол жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс.
Достар қатарына тек өзіңіз жеке танитын адамдарды ғана қосыңыз.
Аккаунтыңыздың құпиялық баптауларын реттеп, жарияланымдарыңызды тек сенімді адамдар көре алатындай етіңіз.
Егер бейтаныс адам жеке сұрақтар қойып, күмәнді әрекет танытса немесе қорқытуға тырысса, онымен байланысты дереу тоқтатып, аккаунтын бұғаттаңыз.
ІІМ өкілдері ең бастысы – қауіпсіздік екенін еске салды.
«Естеріңізде болсын: сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар мен лайктар санынан әлдеқайда маңызды. Цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық жеке деректеріңізді қорғап, түрлі қауіптің алдын алуға көмектеседі», – деп мәлімдеді ведомство.