Ипотека мен баспана уәдесі: екі әйел азаматтарды 6 млн теңгеден астам ақшаға алдаған

Ипотека мен баспана уәдесі: екі әйел азаматтарды 6 млн теңгеден астам ақшаға алдаған
ашық дереккөз

Астанада тұрғындарға ипотека рәсімдеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беруге уәде еткен екі әйел алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Олардың әрекетінен азаматтарға миллиондаған теңге көлемінде шығын келген, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, алғашқы жағдайда 33 жастағы елорда тұрғыны таныстарына ипотеканы оңай әрі жылдам рәсімдеуге көмектесетінін айтқан. Оның уәдесіне сенген азаматтар ақшаларын берген. Алайда қаражатты алғаннан кейін әйел байланысқа шықпай қойған. Бұл дерек бойынша келтірілген шығын 3,2 миллион теңгені құрады.

Екінші жағдайда 62 жастағы әйел мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беруге уәде етіп, азаматтардың ақшасын иемденген. Бұл оқиғадағы шығын көлемі шамамен 3 миллион теңге болған.

Аталған екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды баспана мәселесінде делдалдардың сөзіне бірден сенбеуге шақырады. Әсіресе ипотеканы кедергісіз рәсімдеу немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беру туралы ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет. Ақша аудармас бұрын қызмет көрсетушінің заңды мәртебесін және ұсыныстың шынайылығын тексерген жөн.