Ақмола облысында заңсыз тасымалданған 31 қарағай анықталды. Петропавл тасжолында патрульдік полиция қызметкерлері рұқсат құжаттарынсыз ағаш тиеген ГАЗель көлігін тоқтатқан. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,6 миллион теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері көлікті тексеру кезінде оның жүк бөлігінде 31 қарағай барын анықтаған. Тексеру нәтижесінде ағаштардың Бұланды ауданына қарасты ауылдық әкімдіктердің біріне тиесілі екені белгілі болды.
Көлік ішінде болған 38 жастағы ер адам ағаштарды елордаға жеткізуді жоспарлаған. Алайда оның қарағайларды тасымалдауға заңды құқығын растайтын ешқандай құжаты болмаған. Осыған байланысты жүргізуші көлігімен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция өкілдері ағаштарды заңсыз кесу мен иемдену қоршаған ортаға ғана емес, мемлекет мүлкіне де елеулі зиян келтіретінін ескертеді. Орман ресурстарын сатып алу, тасымалдау және сату міндетті түрде заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан ағаш өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті рұқсат құжаттарының болуына назар аудару қажет.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды табиғи байлықты қорғауға шақырып, ағаштарды заңсыз кесу немесе ұрлау деректері туралы 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.