Танымал асаба Сабыржанның той үстінде айтқан бір ауыз сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға той барысында болған. Асаба өрт сөндіру қызметінде еңбек ететін азаматқа ақжарма тілегін арнамақ болып, «өртің көп болсын» деген сөз айтқан. Алайда бұл сөз көпшіліктің көңілінен шықпай, әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. Желі қолданушылары мұндай әзілді орынсыз деп бағалап, тілсіз жаумен күн сайын күресіп жүрген мамандық иесіне мұндай тілек айту жауапсыздық екенін жазды.
Арада көп уақыт өтпей, осы жағдайға байланысты тағы бір бейнежазба жарияланды. Онда видео авторы жақында Теміртау қаласындағы зираттардың бірінде ірі өрт болғанын еске салды. Оның айтуынша, жалын үлкен аумақты шарпып, өрт сөндірушілер оны ұзақ уақыт бойы ауыздықтауға мәжбүр болған.
Кейінірек анықталғандай, өрт шыққан сол қорымда асаба Сабыржанның анасы – Күміс-ай апа да жерленген.
Видео авторы тілсіз жаудың қай кезде, кімнің басына қайғы әкелетінін ешкім білмейтінін айтып, айтылған сөздің салмағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ ол асаба Сабыржанның қоғам алдында ашық түрде кешірім сұрауы орынды болатынын жеткізді.