Freedom Inside '26

Зейнетақы жинағына қол жеткізу қиындай түсті: жаңа шек күшіне енді

Зейнетақы жинағына қол жеткізу қиындай түсті: жаңа шек күшіне енді
egemen.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) енгізген ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатын азаматтардың санын күрт қысқартты. Енді белгіленген шектен жоғары жинағы барлардың саны 30 мыңнан сәл ғана асады, деп хабарлайды ult.kz.

Қордың мәліметінше, жаңа әдістеме енгізілгенге дейін мұндай мүмкіндікке шамамен 500 мың азамат ие болған. Алайда есептеу тәртібі қайта қаралғаннан кейін бұл көрсеткіш 16 еседен астам төмендеген.

Соңғы деректерге сәйкес, 2026 жылдың 5–10 маусымы аралығында жеткіліктілік шегінің ұлғаюынан кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша небәрі 52 өтініш орындалған.

БЖЗҚ еске салғандай, 2021 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың 31 мамырына дейін қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға және емделуге мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін кеңінен қолданды. Осы уақыт аралығында бұл құқықты шамамен 1,5 миллион адам пайдаланған. Оның ішінде 950 мыңға жуық азамат тұрғын үй жағдайын жақсартса, 570 мыңнан астам адам емделу шығындарын өтеген.

Жалпы алғанда, азаматтар 5,8 триллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағын пайдаланған. Оның 5 триллион теңгеден астамы жеткіліктілік шегінен асатын қаражат болса, 4,8 триллион теңгеден астамы тұрғын үйге, ал шамамен 1 триллион теңгесі емделуге жұмсалған.

Айта кетейік, осы айдың басынан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу тәртібі жаңартылды. Енді есептеу кезінде салымшының жасы ғана емес, зейнетке шыққанға дейінгі кезеңі, болашақ зейнетақы төлемдерінің көлемі, инвестициялық табыс және басқа да ұзақ мерзімді қаржылық факторлар ескеріледі.