Танымал әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі Назира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ер адамның опасыздығы мен неке адалдығы туралы пікірін бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, өзін құрметтейтін және жеке шекарасын білетін әйел күйеуінің көзіне шөп салуын кешірмеуі мүмкін. Назира Байырбекова үшін отбасы мен адалдық – әйелдің бақытындағы маңызды құндылықтардың бірі.
«Өз құнын білетін, өзін-өзі бағалайтын, шекарасы анық, отбасын, неке адалдығын құнды дүние, бақытымның өзегі деп қарайтын әйелдер “изменаны” кешірмейді», – деп жазды ол.
Назира Байырбекова мұндай жағдайда ер адамның жасы, өмірлік жағдайы немесе өзге де себептер әйелдің шешімін өзгертуге тиіс емес деп санайды.
«Ертең өлетін болып тұрса да, ал бүгін сыңары көзіне шөп салса, бүгін ажырасады. Өмірінің соңғы күні болса да», – деді ол.
Сондай-ақ ол әйел адам өзіне деген құрметсіздікке көз жұма қарамауы керек екенін атап өтті.
«Қош бол, көңілдес іздеуден басқа өмірден мән таба алмаған адам!» – деп жазды Назира Байырбекова.
Айта кетейік, Назира Байырбекова отандық әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі.
Жазира Байырбекова кім?
Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші. Ол жұбайы Жанболат Ербатыровпен бірге дуэт болып өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылған. Әншінің репертуарында елуден астам шығарма мен жиырмаға жуық бейнебаян бар.
Жазира Байырбекова 1978 жылы 30 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы аумағында дүниеге келген. Ол өнерге бала кезінен жақын болып, мектеп қабырғасында домбыра тартып, ән айтқан. Аудандық және облыстық байқауларға қатысып, мектептің домбыра оркестрінде өнер көрсеткен.
Әнші көпшілік алдына алғаш 1992 жылы шыққан. Сол жылы Алматыдағы «Тамаша» ойын-сауық отауына шақырылып, халық әні «Сәулем-ай» әнін орындаған. Осыдан кейін оның шығармашылық жолы кәсіби сахнамен байланыса бастайды.
Арыс қаласындағы мектепті тәмамдаған соң Жазира Байырбекова Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесінде білім алған. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін тәмамдаған.
Жазира Байырбекованың шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – жұбайы Жанболат Ербатыровпен бірге дуэт құруы. Олар 2002 жылдан бастап бірге сахнаға шығып, қазақ эстрадасында ерлі-зайыпты әншілер дуэті ретінде танылды.
Әншінің танымал шығармаларының қатарында «Сен маған сүюді үйреттің», «Қыз бақыты», «Қыз ұзату», «Бесік жыры», «Балапаным балдай» сияқты әндер бар. Жазира Байырбекова репертуарындағы әндерді өз дауыс ерекшелігіне қарай өңдеп орындайтынын да сұхбаттарында айтқан.
Өнерлі отбасында дүниеге келген Жазира Байырбекованың бауырлары арасында да шығармашылық жолды таңдағандар бар. Оның әпкесі Ләззат Байырбекова әнші ретінде танылса, ағасы Ербол Байырбеков – композитор. Сіңлісі Назира Байырбекова да бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде белсенді.
Жазира мен Жанболат шығармашылықпен қатар жас өнерпаздарға да қолдау көрсетіп келеді. Олар әр жылдары жас орындаушылардан құралған топтармен жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеуге көңіл бөлген.
Жазира Байырбекова отбасылық тақырыптарды да жиі қозғайды. Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ол отбасы бақыты үшін ерлі-зайыптылар арасындағы сабыр, сыйластық, махаббат пен жанашырлықтың маңызды екенін айтқан.
Айта кетейік, наурыз айында әншілер Жанболат пен Жазира Дубайда қалып қойғанын мәлімдеген еді.