Әнші әрі актриса Аша Матайдың Қазақстан халық партиясынан (ҚХП) Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Асхат Ниязов партия съезі кезінде кандидаттың саясатқа қатысты дайындығын бағалау мақсатында оған бірнеше қарапайым сұрақ қойғанын айтты.
Журналистің сөзінше, сұхбат барысында Аша Матай барлық сауалға сенімді жауап бергендей көрінген. Алайда бейнематериалды кейін монтаждау кезінде күтпеген жайтқа тап болған.
«Оны тосылдырмақ болған едім, бірақ барлық сұраққа жауап берді. Кейін шығарылымды монтаждап жатқанда, жауаптарды біреулердің сыбырлап айтып тұрғанын байқадым», – деді Асхат Ниязов.
Бұл мәлімдемеден кейін әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, депутаттыққа үміткерлердің дайындық деңгейі мен қоғамдық жауапкершілігі төңірегінде қызу талқылау басталды.
Ал Аша Матай немесе Қазақстан халық партиясы бұл жайтқа қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.