Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы ұлттық зияткерлік ойынды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған 9Qum цифрлық платформасын іске қосты. Жоба тоғызқұмалақ әуесқойлары, кәсіби спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған.
Платформада қолданушылар жасанды интеллектпен түрлі деңгейде ойнап, партияларын талдап, қателері мен тиімді жүрістер туралы толық сараптама ала алады. Сонымен қатар дебюттік және тактикалық позицияларды зерттеуге, жаттықтырушымен бірлесіп дайындалуға, әлемнің кез келген нүктесіндегі қарсыласпен онлайн ойнауға және бейнебайланыс арқылы партия өткізуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ жүйе онлайн турнирлер ұйымдастыруды жеңілдетіп, жарыстардың өту барысы мен нәтижелерін нақты уақыт режимінде бақылауға жағдай жасайды. Жанкүйерлер үздік ойыншылардың кездесулерін тікелей эфирден немесе жазба арқылы көре алады. Бұдан бөлек, платформада тоғызқұмалаққа арналған оқулықтар мен ғылыми еңбектерді сатып алуға болатын онлайн кітап дүкені жұмыс істейді.
Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығының мәліметінше, платформа іске қосылған алғашқы үш күнде оған шамамен 1400 спортшы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналған. Осы уақыт ішінде екі онлайн турнир өткізіліп, оған 300-ге жуық спортшы қатысқан.
Қауымдастық алдағы уақытта платформада республикалық және халықаралық турнирлерді тұрақты өткізуді, рейтингтік жүйені жетілдіруді, жасанды интеллекттің талдау мүмкіндіктерін кеңейтуді және тоғызқұмалақты әлемде кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.