Жанаргүл Жаныаманова марқұм ұлын еске алып жазба жариялады

Жанаргүл Жаныаманова марқұм ұлын еске алып жазба жариялады
Фото: zhanargul_zhanyamanova

Актер Рүстем Жаныаманов пен актриса Жанаргүл Жаныаманованың үлкен ұлы қайтыс болған еді. Жанаргүл Жаныаманова ұлы туралы жазба жариялап елді жылатты, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек ауыртар жазба жариялап, ұлын сағынышпен еске алды. Оның айтуынша, олар 12 жыл бойы мейірімді, ақылды, талантты әрі иманды баланың ата-анасы болғанына Аллаға шүкіршілік етеді.

«Мәңгілік махаббатымыз! Мәңгілік сағынышымыз! 12 жыл өте мейірімді, ақылды, сұлу, талантты, дана тұлғаның ата-анасы болғанымызға Аллаға рахмет. Сен бізге ұстаз болдың, ұстаз болып қаласың. Көп нәрсені үйреттің, әлі де үйретесің. Сен бізге мейірімділіктің, шыдамдылықтың, нағыз мұсылмандылықтың үлгісін көрсеттің», – деп жазды ол.

Сондай-ақ анасы баласының емделуіне қатысты көкейінде жауапсыз қалған сұрақтар бар екенін де жасырмады. Дегенмен, болған жағдайдың бәрін Жаратушының қалауымен байланыстырып, бұл сынақтың да өзіндік хикметі бар екеніне сенетінін жеткізді.

«Емдеу барысына қатысты көкейімде жауапсыз қалған сұрақтар бар, бірақ “Құдайсыз қурай да сынбайды” демек бұл сынақта Жаратушының бір хикметі бар. Баламыз өмір сүруін тоқтатқан жоқ, мәңгілік өмірге бізден бұрын оралды. Біздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, ата-ана ретіндегі міндетіміз де аяқталған жоқ. Ол қазір үйде, керісінше біз қонақтамыз», – деп жазды ол.

Желі қолданушылары пікірлерде отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, сабыр тіледі.