«Жаңарған талаптармен өмір сүруіміз керек»: сәулетші маңызды мәселені көтерді

«Жаңарған талаптармен өмір сүруіміз керек»: сәулетші маңызды мәселені көтерді
Design Summit 2026

Қазақстандағы құрылыс нормалары мен сәулет саласындағы талаптарды заманға сай жаңарту қажет. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Design Summit 2026 форумында сәулетші Нұрлан Камитов айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Оның пікірінше, қолданыстағы ережелер заманауи технологиялар мен қалалардың даму қарқынына толық сәйкес келмейді. Сондықтан халықаралық тәжірибені ескеріп, жаңа «ойын ережелерін» қалыптастыру қажет.

«Біз бүгінде мүлде басқа әлемде, басқа шынайылықта өмір сүріп жатырмыз. Біз жаңарған талаптармен өмір сүруіміз керек», – деді сәулетші.

Камитовтың айтуынша, бизнес құрылыс нормаларына қарағанда жылдам дамиды. Сондықтан инвесторлардың мүддесі мен қала тұрғындарына қолайлы орта арасында тепе-теңдік сақталуы маңызды.

Сондай-ақ құрылыс талаптарына климаттың өзгеруіне байланысты нормаларды енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл бағытта тиісті министрлікпен бірге қолданыстағы ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

Сәулетшінің сөзінше, құрылыс нормаларын жаңарту Қазақстанның сәулет саласын халықаралық нарыққа шығаруға да мүмкіндік береді.