Freedom Inside '26

Заң талаптары сақталмады: Ресейден келген 6 тонна қияр елге кіргізілмеді

Заң талаптары сақталмады: Ресейден келген 6 тонна қияр елге кіргізілмеді
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау барысында жалпы көлемі 6 тонна болатын жаңа піскен қияр Ресей Федерациясына кері қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өнім фитосанитариялық бақылау мен қадағалаудан заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес өтпеген. Осыған байланысты карантиндік жүк Қазақстан аумағына кіргізілмей, кері жөнелтілді.

Ведомство фитосанитариялық талаптарды сақтау елдің карантиндік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, қауіпті карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуына жол бермеудің, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп кешенін қорғаудың маңызды шарты екенін еске салды.

Осыған байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға өсімдіктер карантині саласындағы заң талаптарын қатаң сақтап, белгіленген бақылау рәсімдерінен уақытылы өту қажеттігі ескертілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мемлекеттік шекара арқылы тасымалданатын карантиндік өнімдерге бақылауды жалғастырып, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтіп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік зиянкестермен залалданған 128 тонна астықты да кері қайтарған болатын.