Жала жабылды деген жылқышыға қатысты тың дерек шықты

Жала жабылды деген жылқышыға қатысты тың дерек шықты
Коллаж: видеодан кадр

Заңгер Айгүл Орынбек Ақтөбе облысында қоғам назарын аударған жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне қатысты өз көзқарасын білдіріп, әлеуметтік желідегі біржақты ақпаратқа сүйеніп шешім шығармауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, оқиғаға қатысты алғаш тараған бейнежазба көпшіліктің эмоциясына әсер етіп, қоғамда нақты дәлелдерге емес, әсерге негізделген пікір қалыптастырған. Сондықтан істің толық материалдарымен таныспай тұрып, қандай да бір қорытынды жасау дұрыс емес екенін айтты.

Айгүл Орынбектің сөзінше, Рахат Сәрсенов апелляциялық сот арқылы толық ақталған жоқ. Ол тек амнистия негізінде және шартты түрде босатылған. Демек, бұл оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жоққа шығармайды.

Сонымен қатар заңгер бұл істегі ең маңызды мәселе – инсульт алған қарт адамның әлі күнге дейін ауыр еңбекпен айналысуға мәжбүр болуы екенін атап өтті. Оның пікірінше, қоғам бұл жағдайды тек екі тараптың дауы ретінде емес, егде жастағы азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселесі ретінде қарастыруы тиіс.

Сөз соңында Айгүл Орынбек қоғамды эмоцияға берілмей, заң талаптары мен нақты деректерге ғана сүйенуге шақырып, әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпаратқа сенудің қауіпті екенін ескертті.