Әлеуметтік желіде Бағдагүл емші есімімен танылған әйел Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол ұйымдастырушылардың жауапкершілігін көтеріп, көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Instagram парақшасында жариялаған видеосында Бағдагүл билет сатып алған әр адамға тиісті жағдай жасалуы керектігін айтты. Ол мәдениет саласына жауапты тұлғаларға да сауал қойып, көпшілік шараларда адам өмірі мен денсаулығы бірінші орында тұруы қажет екенін жеткізді.
"Халықтың тағдыры сіздерге ойыншық па? Бір қыз реанимацияға түсті. Ол қыздың өмірі ойыншық па сендерге? Әр адам ақша төлеп кірді, тегін кірген жоқ. Ақша төлеп кірді ме, оның орнын белгілеп, тауып беруіңіз керек. Түсінікті ме сізге, Гүлзира ханым? Сіздер халықты олай басынбаңыздар", – деді ол.
Бағдагүл концертке келген адамдардың саны жөнінде тараған мәліметтерге күмән келтірді. Оның пікірінше, ұйымдастырушылар билет сатарда алаңның қанша көрерменге арналғанын ескеруге міндетті. Ал тәртіп пен жауапкершілік талаптары мұндай шараларды өткізетіндерге де бірдей қойылуы керек.
"Қазақстанда тәртіп орнатасыздар ма? Қарапайым халыққа ғана емес, осындай кісілерді бірінші тәртіпке салу керек. Халықтың денсаулығы сіздерге ойыншық емес", – деді Бағдагүл.
Айта кетейік, Бағдагүл емші өзін келіні сотқа бергенін айтты.
Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде не болды?
10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен Қайрат Нұртастың концертіне кіреберісте адамдар бір-бірін қысып, кептеліс болған. Салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сегіз адам медициналық көмекке жүгінген, олардың жетеуі тексерілгеннен кейін үйіне қайтарылған.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, алаңның сыйымдылығынан артық билет сатылған. Оқиғадан кейін концертті ұйымдастырған 1984 жылы туған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Қайрат Нұртас кім?
Қайрат Нұртас - қазақстандық эстрада әншісі, актер және продюсер. 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Сахнаға бала кезінен шығып, 2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке концертін өткізген.
Көпшілікке «Арман», «Ауырмайды жүрек», «Сені сүйем» секілді әндерімен танылған. Репертуарында махаббат, отбасы және туған жер тақырыбындағы туындылар бар. Әншіліктен бөлек, «Өкініш» және «Арман. Періштелер ұйықтамайды» фильмдеріне түскен.