Wildberries Қазақстанға Ресейден қашып келіп жатыр ма? Министр жауап берді

Wildberries Қазақстанға Ресейден қашып келіп жатыр ма? Министр жауап берді
ашық дереккөз

Соңғы күндері Ресейдегі Wildberries қоймаларына украиналық дрондардың бірнеше рет шабуыл жасауы бұл компанияның Қазақстанға логистикалық орталықтарын көшіруі мүмкін деген болжамдарды күшейткен еді. Алайда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, Wildberries Қазақстанда бұрыннан жоспарланған инвестициялық жобаларын ғана жүзеге асырып жатыр. Қазір Алматыда 160 мың шаршы метр, ал Астанада 100 мың шаршы метр болатын қоймалар салынып жатыр. Жалпы көлемі шамамен 260 мың шаршы метрді құрайтын бұл нысандарды 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Бұған дейін компания Қазақстанда 46 мың шаршы метр қойманы жалға алып келген.

Шаққалиевтің сөзінше, Ресейдегі дрон шабуылдарынан кейін Wildberries Қазақстаннан қосымша қойма сұрап немесе жаңа нысандарды шұғыл орналастыру туралы өтініш жасаған жоқ. 

Сонымен қатар министр қазақстандық кәсіпкерлерге маркетплейсті таңдағанда қазіргі геосаяси жағдай мен ықтимал тәуекелдерді де ескеруге кеңес берді.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік «Коммерсант» басылымы Wildberries Ресейдегі қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстаннан жаңа қойма іздей бастағанын жазған болатын. Басылымның мәліметінше, Ресейдегі ірі логистикалық кешендердің иелері қауіпсіздік тәуекелдеріне байланысты Wildberries-ке қойма жалға беруге құлықсыз болып отыр.