Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Вьетнам Социалистік Республикасы шетел азаматтарының елге кіру рәсімдерін жеңілдету мақсатында «Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін» (Pre-arrival Information – PAI) пилоттық режимде іске қосқанын хабарлайды, деп жазады ult.kz.
Вьетнам тарапының мәліметінше, аталған жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапар алдында қажетті ақпаратты онлайн режимде алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға және әуежайлардағы жолаушылар ағынын оңтайландыруға бағытталған.
PAI жүйесі қазіргі уақытта Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істейді және алдағы уақытта Вьетнамның Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу пункттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
Бұл ретте, PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап болып табылмайтынын және виза рәсімдеу функциясын атқармайтынын атап өткен жөн. Жүйе тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған.
Вьетнам билігі шетел азаматтарына тіркелуді тек ресми портал – prearrival.immigration.gov.vn арқылы жүзеге асыруды және жалған интернет-ресурстардан сақ болуды ұсынады.