Вакцина салдырған Бердібек Сапарбаевтың жағдайы қалай?

Вакцина салдырған Бердібек Сапарбаевтың жағдайы қалай?

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдырған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жағдайы қалай? Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тілшілердің бұл сұрағына Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада біз Жамбыл облысында болдық. Аймақ басшысы өзін жақсы сезінеді. Күш-қуаты мен қайраты толы екенін, өз міндеттерін орындап жатқанын көрдік», - деді Марат Шоранов. 

Ол сондай-ақ әкім өзінің жасына қарамастан неліктен ерікті болып, вакцинаны салдырғанын түсіндірді. 

«Біздің неге рұқсат бергенімізге байланысты айтар болсақ, сіздер клиникалық сынақтың демеушісі - осы вакцинаны жасаушының өзі екенін түсінуіңіз керек. Денсаулық сақтау министрлігі бұл кезеңде, яғни еріктілерді таңдау кезінде қарсы көрсетілімдерді анықтамайды: адамдар ерікті вакциналауға және зерттеуге қатыса алады», - деп атап өтті спикер.