Жамбыл облысында логистикалық компания қызметкерлері ретінде танысып, теміржол вагондарын алып береміз деген желеумен 22 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Оларды Жамбыл облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен тергеу бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Алматыдан қолға түсірген.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер жәбірленушінің сеніміне кіріп, логистикалық компания атынан теміржол вагондарын ұсынған. Осы сылтаумен одан шамамен 22 млн теңге алған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұған дейін мемлекеттік субсидияларды жымқырды деген күдікке ілінген азаматтың Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланғанын жазған болатынбыз.