Freedom Inside '26

Үш ай жазғы каникул. Қалалық балалар не істемек?

Үш ай жазғы каникул. Қалалық балалар не істемек?
Pinterest

Қазақстандағы білім жүйесі бағдарламасы бойынша балалар жазда 3 ай каникулға шығады. Алайда бұл аралықта көп бала өз үйлерінде төрт қабырғаға қарап іші пысып мазасызданады. Бұрын жазғы демалыстың үлкен бөлігі ауылда, ата-әже мен туыстардың ортасында өтетін. Ал қазір көбінде ауылда ата-әже жоқ, қалған тума-туыстың үйіне бала жіберу де әбестік. Ата анаға, мектепке, қоғамға не істеуге болады?

Ата-ана

Саналы ата-ана ретінде каникул басталмас бұрын баланың үш ай жаз демалысы қалай өтетіндігін алдын ала жоспарлаған жөн. Бала бір ай лагерьге баруы мүмкін, одан бөлек жаңа спорттық секция, үйірмені бастап көре ме, баланың есінде қалатындай отбасы болып ел ішінде қандай танымдық саяхаттар ұйымдастыруға болады? Мұның барлығы жоспарлану керек.

Мектеп

Мектеп жергілікті музей, кітапханалармен бірлесіп жұмыс істесе жақсы. Өлкетану бойынша экскурсияларға шығып, танымдық, кітапталқы клубтарын ұйымдастыру арқылы балалардың жазғы демалысына ат салысуға болады.

Қоғам

Әсіресе қоғамдық мекемелер мен кәсіпкерлер балалар үшін көп жақсылық жасай алар еді. Оқушыларды жазғы демалыста қоғамдық қызметтерге белсенді араластыру екі тарапқа да пайдалы болары сөзсіз. Қарттар үйіне көмектесу, волонтерлік жұмыстар атқару, көше, саябақ, өзен, теңіз жағалауы тазалығына араластыру, ауыл, қалалық бақтарды күтуді мектеп оқушыларына әбден сеніп тапсыруға болатын істер.

Абзалында

Әрине бала тоғыз ай бойы оқып, шаршап, қалған үш ай жазғы демалыста да еңбек етуі керек деп ойлау қате. Алайда қазіргі таңда балалардың негізгі ермегі телефон, компьютер болып кеткен заманда оқушылардың ақыл-ой еңбегін, дене қозғалысын арттыратын амалдар аса қажет. Баланың жазғы демалысын оңтайлы ұйымдастыру ең алдымен ата-ананың міндеті. Десе де жауапты, дербес бала тәрбиелеу бір ауылдың, яғни тұтас қоғамның міндеті. Сол себепті алдағы уақытта балалардың жазғы демалысын тек ақылы үйірме, курстарға шақырудан бөлек, балаға да, қоғамға да пайдалы болар амалдармен толтыра алсақ екен.

Жиһанкез журналист Динара Болат