Үрімжіде Шыңжаңның даму тәжірибесі талқыланған халықаралық форум өтті

Үрімжіде Шыңжаңның даму тәжірибесі талқыланған халықаралық форум өтті
ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің баспасөз қызметінен

Үрімжіде халықаралық танымал тұлғалардың қатысуымен Шыңжаңмен достық алмасу форумы өтті, деп хабарлайды ult.kz.

«Шыңжаңды басқару тәжірибесі және оның халықаралық маңызы» тақырыбындағы жиынға әлемнің 33 елінен жүзден астам қатысушы келіп, қытайлық ғалымдар мен сарапшылар және орталық министрліктер мен комиссиялардың өкілдері қатысты.

Олар Шыңжаңмен достық байланыс туралы сөз қозғап, ауданның жеткен жетістіктері мен дамуы жөнінде талқылады.

Сонымен бірге Шыңжаңдағы форум қатысушыларға өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.

Жиын модераторы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партия комитеті хатшысының орынбасары, автономиялық аудан төрағасы Эркин Тунияз

Фото: Эркин Тунияз / ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің баспасөз қызметінен

Форумға Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партия комитеті хатшысы Чэнь Сяоцзянь қатысып, өз сөзінде ол Қытай Коммунистік партиясының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы комитеті, автономиялық аудан Үкіметі және Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы атынан жылы лебізін білдірді. 

«Халықаралық қауымдастық Қытайды жақсырақ түсінуіне ықпал етеді деп үміттенеміз»

Оның айтуынша, Си Цзиньпин бастаған Қытай Компартиясы Шыңжаң мәселесіне ерекше мән беріп, өңірді дамыту мен басқарудың жаңа стратегиясын қалыптастырған. Осы орайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті сақтау, мәдениетті дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде Шыңжаңның экономикалық және әлеуметтік дамуында елеулі өзгерістер болған.

Чэнь Сяоцзянь қазіргі Шыңжаңды Қытайдың экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығының мысалы деп атады. Оның пікірінше, өңірде этникалық мәселелерді шешу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын дамыту бағытында тәжірибе қалыптасқан.

Ол Шыңжаңды басқару стратегиясы өңірдің жағдайына сәйкес келетінін айтып, Қытай Компартиясының басшылығын, социализм жолын және этникалық аймақтық автономия жүйесін ұстана отырып, Шыңжаңда ұзақ мерзімді тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етуге болатынын атап өтті.

«Қонақтар өз мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, Шыңжаң туралы әр елдің халқына объективті ақпарат жеткізіп, халықаралық қауымдастық Қытайды жақсырақ түсінуіне ықпал етеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ терроризмге қарсы күрес пен тұрақтылықты сақтау, адам құқықтарын қорғау, этностар арасындағы бірлік пен ортақ даму, қоғамдық басқару және халықтың әл-ауқатын арттыру салаларындағы алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға, гегемонизмге, күш саясатына және біржақты санкцияларға қарсы тұруға үлес қосасыздар деп сенеміз», – деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партия комитеті хатшысы.

«Шыңжаң ШЫҰ елдерімен ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады»

Шараға Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысып, сөз сөйлеп, шекаралық өңірде орналасқан Шыңжаңның көлік-логистикалық инфрақұрылымы жақсы дамығанын, бұл Қытайдың ШЫҰ елдерімен ынтымақтастығын кеңейтуге қолайлы жағдай қалыптастыратынын жеткізді.

Қорғас пен Алашанькоу сияқты шекаралық өткізу пункттері, сондай-ақ Үрімжі мен Қашқар халықаралық құрлық порттары сауда және логистикалық бағыттарды дамыту үшін маңызды негіз қалыптастырып отыр.

Фото: Нұрлан Ермекбаев / ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің баспасөз қызметінен

Бас хатшы ШЫҰ Хатшылығы ұйымның тұрақты атқарушы органы ретінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының ШЫҰ аясындағы ынтымақтастыққа көрсетіп отырған назарын және белсенді қолдауын жоғары бағалайтынын атап өтті.

Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде ынтымақтастықтың нақты мысалдарын да келтірді. Олардың қатарында Шыңжаңдағы Қытай–ШЫҰ Үлкен деректер ынтымақтастығы орталығының филиалы және ШЫҰ Туризм форумы бар.

Форум аясында төрт тақырып бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылды:

1. Терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және тұрақтылықты сақтау
2. Этникалық бірлік және ортақ даму
3. Әлеуметтік басқару және халықтың әл-ауқатын жақсарту
4. Біржақты санкциялар мен күш саясатына қарсы тұру

Секциялық отырыс барысында қазақстандық БАҚ өкілдері де сөз алып, ой бөлісті. Олар екі ел арасындағы қатынастағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен маңызы туралы айтып, сапар барысында алған әсерлерімен бөлісті. 

Фото: ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің баспасөз қызметінен

«Қытайға әр келген сайын тәнті боламын»

Деловой Казахстан» республикалық экономикалық газетінің бас редакторының орынбасары Алевтина Донских Қытай еліне жыл сайын іссапарға келетінін, әр келген сайын елдегі өзгерістерді көріп тәнті болатынын айтты. 

«Барған қалаларымның әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланады. Ухань, Чунцин, Бейжің, Сучжоу, Шанхай, Инин (немесе Құлжа), Қашқар, Тұрпан қалаларын жоғары даму деңгейі мен қарқыны, мәдениеті, өзіндік болмысы біріктіреді. Сонымен қатар олардың барлығына тән ортақ қасиет – өздерінің бірегей ерекшеліктеріне басымдық бере білуі», – деді ол.

Оның сөзінше Шыңжаң ұлттық сан алуандылығымен де ерекшеленеді. Мұнда жергілікті тұрғындардың қытай, қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде сөйлескенін естуге болады. 

«Мәселен, Құлжада адамдардың бір тілден екінші тілге еш қиындықсыз ауысатынына, бір-бірін түсініп, тату-тәтті көршілік қарым-қатынаста өмір сүретініне сүйсінесің.

Олардың қауымдастығы тарихи тұрғыда қалыптасқан, дәстүрлері өзара тоғысқанымен, өзіндік ерекшелігін сақтап қалған. Бұл өңірге айрықша сипат береді. Сонымен қатар мемлекет те ұлтаралық және конфессияаралық бірлікті сақтауға көп көңіл бөледі.

Сапар алдында биыл Қытайда «Этностық бірлік пен прогреске жәрдемдесу туралы» жаңа заң қабылданып, күшіне енгенін білдім. Заңда Қытайдағы барлық этностардың теңдігі қағидаты заңнамалық деңгейде бекітіліп, олардың заңды құқықтарына, соның ішінде еңбек ету және еркін жүріп-тұру құқықтарына кепілдік берілген. Сондай-ақ ұлттық бірлікті, өзара үйлесімділікті, достықты және бейбіт қатар өмір сүруді нығайтуға бағытталған шаралар қарастырылған.

Қазіргі бағдарламамыз енді ғана басталды. Алайда бұған дейінгі сапарымнан бір жыл өткен соң, өзіме жақсы таныс әрі сонымен бірге жаңарған Шыңжаң өңірімен қайта кездесулерді қазірдің өзінде асыға күтіп отырмын», – деп отыр Алевтина Донских.

Фото: Ult.kz

«Біз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалаймыз»

Liter.kz сайтының бас редакторы Малика Ғалиеваның пікірінше бүгінде медиа кеңістік керемет жылдамдықпен өзгеріп келеді. Цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа платформалар – мұның бәрі алдымызға ортақ сын-қатерлер қойып отыр. 

«Қытайлық әріптестеріміздің осы прогрестің алдыңғы қатарында келе жатқаны бізді қуантады. Қазақстанның да бөлісер тәжірибесі бар. Бүгінде еліміз өз өңіріндегі цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі саналады. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары жаңа технологияларды белсенді енгізіп, мультимедиялық форматтарды дамытып, аудитория арасында жоғары сенімге ие сапалы әрі тәуелсіз контент қалыптастырып келеді», – деді Малика Ғалиева. 

Сонымен қатар оның айтуынша, мұндай кездесулер – ресми сапарлар кестесіндегі жай ғана іс-шаралар емес. Бұл – бір-бірімізді жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін көпір. 

«Біз ақпараттың шынайылығы мен оған деген сенімнің маңызы артқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан мен Қытайды берік тату көршілік байланыс, ауқымды экономикалық жобалар және стратегиялық әріптестік біріктіреді. Ал осы ынтымақтастықты ақпараттық тұрғыдан объективті, терең әрі жасампаз түрде жариялау жауапкершілігі, ең алдымен, бізге, журналистерге жүктеледі.

Қазақстан мен Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайта отырып, біз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалаймыз», – деді ол. 

Форум барысында қатысушылар Шыңжаңның даму тәжірибесі, этносаралық татулық, мәдени сабақтастық, әлеуметтік-экономикалық даму және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Айта кетейік Шыңжаңмен достық алмасу форумының халықаралық қонақтармен пленарлық отырысы 2026 жылғы 8 қыркүйекте Үрімжі қаласында Шыңжаң мемлекеттік қонақүйінде өтті.