Алматыда көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған Үндістан Республикасының 35 азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, олардың барлығы елімізде болуға рұқсат етілген мерзімнен асырып, Қазақстанда заңсыз жүрген.
Нысаналы тексеру шаралары барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері шетел азаматтарының жүрген жерін анықтап, оларды ұстаған. Сот шешімімен құқық бұзушылардың барлығы елден шығарылып, полиция қызметкерлері оларды әуежайдағы шекаралық және паспорттық бақылаудан өткенге дейін алып жүрген.
Сонымен қатар, шетел азаматтарының белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін Қазақстаннан уақытылы шығуын қамтамасыз етпеген қабылдаушы тараптар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау шетел азаматтары үшін де, оларды Қазақстан аумағында қабылдайтын тұлғалар үшін де міндетті екенін еске салды. Ведомство бұл бағыттағы бақылау және тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.