Әлеуметтік желіде ұлы тарапынан зорлық-зомбылық көрген қарияның видеосы кеңінен таралып, қоғамның қызу талқысына түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Жұлдыз Қайратқызы ақсақалдан сұхбат алып, оның басынан өткен ауыр жағдайды жариялады.
Қарияның айтуынша, ұлы оны үнемі қорқытып, еркін жүріп-тұруына мүмкіндік бермеген.
«Маңдайымнан салып қалды. Түнде кіші дәретке барғым келіп, шығайын десем, тағы айқайлайды. “Бармайсың, қайда?” дейді. Менің бар ойым – әжетхананың жанындағы сөреде ине-жіп тұратын құты бар еді. Соның ішінде қайшы болатын. Сол қайшыны алып қашуға әрекеттендім», – дейді ақсақал.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сарыөзек ауылында егде жастағы тұрғынға қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауыл тұрғыны Эділхан Сисенов ұзақ уақыт бойы өз әкесіне күш көрсетіп келген. Қазіргі уақытта қария туған қарындасының үйіне көшірілген.
Ауыл тұрғындары қарт адамның денесінде көгерген іздер барын, оның жүруі қиындап, денсаулығы айтарлықтай нашарлағанын айтады. Жақындарының мәліметінше, ақсақалдың ақыл-есі дұрыс, өз жағдайын толық түсінеді. Алайда ұзақ уақыт бойы көрген қысым мен зорлық-зомбылық оның денсаулығына кері әсер еткен болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.