Кей әннің алғашқы әуені естілгеннен-ақ оны орындаған әнші ойға оралады. Арада қанша жыл өтсе де, тыңдарман сол туындыны іздеп тыңдап, концертте де соны сұрайды. Тоқсаныншы жылдары сахнаға шыққан немесе сол кезеңде кең танылған бірқатар өнерпаздың шығармашылығында осындай орны бөлек әндер бар, деп хабарлайды ult.kz.
Зарина Омарова - “Жан гүлім”
Зарина Омарова дегенде көпшіліктің есіне алдымен “Жан гүлім” түседі. 1994 жылы жарық көрген туындының әуенін Марат Омаров, сөзін Серік Тұрғынбекұлы жазған. Зарина әнді алғаш жаңа жылдық бағдарламада, кейін әкесінің Республика сарайындағы концертінде орындағанын айтқан.

Әншінің өз сөзіне қарағанда, осы туынды оның шығармашылығының басты хитіне айналған. Тойға шақырған жұрт та міндетті түрде “Жан гүлімді” сұраған. Зарина сұхбатында бұл әннің өзіне танымалдықпен бірге мол табыс әкелгенін де жасырмаған.
Сәкен Қалымов - “Алтайдың ар жағынан келген ару”
Сәкен Қалымовты тыңдарманға кең танытқан туынды — “Алтайдың ар жағынан келген ару”. Сөзі мен әуенін Тынышбай Рақым жазған ән 1993 жылы “Кеш жарық” бағдарламасында орындалған.

Сырттай қарағанда ғашықтық туралы шығарма болып естілгенімен, оның астарында алыстағы ағайынға деген сағыныш, атамекенге шақыру сарыны жатыр. Сәкеннің орындауындағы ән тоқсаныншы жылдары кең тарап, оның есімімен қатар аталатын туындыға айналды.
Меруерт Түсіпбаева - “Қимай сені барамын”
Меруерт Түсіпбаеваның шығармашылығында “Қимай сені барамын” әнінің орны бөлек. Әуенін Төлеген Мұхамеджанов, сөзін Шөмішбай Сариев жазған туынды әншіні қалың тыңдарманға танытты.

Меруерт сұхбаттарының бірінде бейнебаянның 1995 жылы шыққанын айтқан. Оның естелігінше, бейнежазбаны Қытайдан келген бір қазақ жігіті алып кетіп, сол жақтағы қандастарға таратқан. Соның арқасында әнші 1996 жылы Қытайдағы қазақтарға да кеңінен танылған.
Қанат Ибрагимов - “Сенің көзің”
Бүгінде “Сенің көзің” әнін көпшілік “МузАРТ” арқылы біледі. Алайда оның әуенін жазып, алғаш өзі орындаған өнерпаз — Қанат Ибрагимов. Сазгердің айтуынша, ән 1989 жылы туған. Ал 1993 жылы ол туындыны “Кеш жарық” бағдарламасында Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен шырқаған.

2001 жылы әнді “МузАРТ” репертуарына енгізді. Қанат кейінгі сұхбатында “Сенің көзің” өзінің сазгер ретіндегі төлқұжатына айналғанын айтқан. Осылайша, тоқсаныншы жылдары эфирге шыққан туынды кейін жаңа орындаушылар арқылы кең тарады.
Мадина Сағынбекова - “Ұнатамын мен сені”
Мадина Сағынбекованы тыңдарманға танытқан туындылардың бірі — Табылды Досымовтың “Ұнатамын мен сені” әні. Әнші туралы жарияланған сұхбатта ол дәл осы шығарманы орындауы арқылы танылған өнерпаз ретінде таныстырылады.

Мадинаның өнер жолы тоқсаныншы жылдардағы ән байқауларынан басталған. Ол 1994 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық байқауда бас жүлде алғанын айтқан. Кейін жеке әнжинағын да “Ұнатамын мен сені” деп атаған. Дегенмен туындының оның орындауында нақты қай жылы тарағаны сұхбатта көрсетілмейді.
Бұл орындаушылардың басқа да әндері бар. Мұнда олардың шығармашылық жолында ерекше орын алып, тыңдарман жадында есімімен қатар сақталған туындылар сөз болды.