Ұлттық киноны қолдау: Қазақстанда 23 жаңа фильм әзірленіп жатыр

Ұлттық киноны қолдау: Қазақстанда 23 жаңа фильм әзірленіп жатыр
ашық дереккөз

Қазақстанда ұлттық кино индустриясын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм кең прокатқа шығып, жаңа киножобалар мен анимациялық туындыларды қолдау жалғасты, деп хабарлайды ult.kz.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, биыл көрерменге «Гипноз», «Билет из рая», «Осенний бриз», «Құт», «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» деректі фильмі ұсынылды. Әсіресе, деректі фильмнің кинотеатрларда кең прокатқа шығуы ұлттық кино саласы үшін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Мұғалім» және «Кенжем қайда?» фильмдерінің өндірісі аяқталды. Қазір тағы 23 киножоба әзірленіп жатыр, оның 21-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 18 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды.

Анимация саласын дамыту да жалғасуда. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің питчингі қорытындысы бойынша 10 анимациялық жоба іріктелді. Бұл балалар мен отбасылық контенттің сапасын арттырып, қазақстандық оқиғалар мен кейіпкерлерді заманауи форматта танытуға мүмкіндік береді.

Қазақ киносының алтын қорын сақтау жұмыстары аясында бес фильм цифрлық форматқа көшіріліп, тағы екі туынды қалпына келтірілді. Сондай-ақ жыл басынан бері прокат куәлігін алуға түскен 1539 өтінімнің 1344-і мақұлданған.