Павлодар облысында Ұлттық домбыра күніне орай ауқымды рухани-мәдени іс-шара өтті. Оның аясында өңірдің 5 мыңға жуық оқушысы көрнекті қазақ композиторы, ғалым, Қазақстандағы кәсіби музыкалық білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың «Би» күйін бір мезетте орындап, ұлттық музыка өнеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.
Мыңдаған домбыраның бір мезетте күмбірлеуі ұрпақтар сабақтастығының, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік пен халқымыздың рухани құндылықтарына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Биылғы мерекенің мәні ерекше. Себебі ол Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ауқымды шараға «Музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені, М. Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайы, қосымша білім беру ұйымдары және Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.
«Музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Дәурен Қуанов:
«Домбыра сыныбының ұстаздары үшін Ұлттық домбыра күні - тағылымдық мәні зор ерекше мереке. Биыл бұл күннің маңызы одан сайын арта түсті, өйткені Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толып отыр. Оның бай шығармашылық мұрасы домбыра өнерінің үздік дәстүрлерін сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізуге шабыт береді. Ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілік балаларымыздың жүрегінде мәңгі сақталып, туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген құрметін нығайта берсін», - деді.
9 «А» сынып оқушысы Қаршыға Думан:
«Мен үшін Ұлттық домбыра күні - ерекше мереке. Домбыра - халқымыздың рухы мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті аспап. Биылғы мерекенің мәні тіпті тереңдей түсті, өйткені Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толып отыр. Біз, жас ұрпақ, оның бай мұрасын мақтан тұтамыз, домбыра өнерін сүйеміз және оны сақтап, дамытуға әрдайым үлес қоса береміз», - деп өз әсерімен бөлісті.
Ауқымды іс-шара қазақтың күй өнері мен ұлттық музыкалық мұрасын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Ұлттық домбыра күні мыңдаған оқушыны ұлттық мәдениет, ел тарихы мен төл өнеріміздің құндылықтары төңірегіне біріктірді.