Журналист Руслан Өтепбай марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы берген сұхбаттан тағы бір үзінді жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында Ұлдананың анасы қызының бұрынғы күйеуіне қатысты да жайттарды айтып берді. Оның сөзінше, ер адам Ұлдананың Kaspi Bank алдында несиесі бар екенін айтып, қарызды өтеу үшін отбасынан ақша сұраған.
Алайда бұл ақпаратқа күмәнданған марқұмның анасы мәселені өзі анықтап көруге шешім қабылдаған. Ол банкке барып, қызының атына рәсімделген несие бойынша ақпаратты тексерткен.
Анасының айтуынша, банк қызметкерлері Ұлдананың атына ешқандай несие рәсімделмегенін хабарлаған.
Осылайша, бұрынғы күйеуінің «Ұлдананың банкте несиесі бар» деген сөзі расталмаған. Марқұмның анасы бұл жағдайға қатысты өз күдігін айтып, қызының атына байланысты қаржылық мәселелердің қалай туындағанын түсіндірді.
Айта кетейік, бұған дейін Руслан Өтепбай Ұлдана Мырзуанның анасының сұхбатынан қызынан қалған дүние-мүлікке қатысты дау, күйеу баласының кейін қайта үйленуі және отбасы арасындағы түсініспеушіліктер туралы үзінділер жариялаған болатын.