Freedom Inside '26

ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн теңге алған күдікті елге жеткізілді

ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн теңге алған күдікті елге жеткізілді
Видеодан алынған скрин

Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы Албания Республикасынан бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын елге экстрадициялады, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022–2023 жылдары күдікті интернет арқылы жоғары сынып оқушыларына Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындайтынын және жоғары оқу орындарына кепілдікпен түсіретінін айтып, жалған ақпарат таратқан.

Оның уәдесіне сенген 32 азамат қызмет ақысын төлегенімен, уәде орындалмаған. Соның салдарынан жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 28 миллион теңгеден асты.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті Қазақстаннан қашып кеткен. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланып, 2025 жылдың мамыр айында Албанияда ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы негізінде ол елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Аталған қылмыс бойынша кінәсі дәлелденген жағдайда оның мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.