Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызы өнер иесінің туған жері Оралда лайықты құрмет көрмегеніне қынжылатынын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, Тұрсынбек Қабатовтың сахнада жүргеніне 26 жыл болған. Осы уақыт ішінде еліміздің әр өңіріндегі көрермендер әзілкешке ықыласын білдіріп, ат мінгізіп, шапан жапқан кездер де болған.
Алайда Айман Талғатқызы Қабатовтың туған жері Оралда мұндай құрметтің болмағанын атап өтті. Айтуынша, қалада өнер иесінің шығармашылық жолына арналған концерт ұйымдастырылғанымен, оған арнайы құттықтау қағазы да табысталмаған.
Айман бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікіріне де жауап берді. Оқырмандардың бірі мұны әзілкештің ажырасуымен байланыстырып, “ажырасқаннан кейін туған жері ұнатпай қалған шығар” деген болжам айтқан.
“Айтпақшы, құрметтесе, ажыраспай тұрып-ақ көрсетпей ме сол құрметтерін?” – деп жауап берді Айман Талғатқызы.
Осылайша ол мәселені Қабатовтың жеке өміріндегі өзгерістермен байланыстыру дұрыс емес екенін аңғартты.
Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатовтың жары отбасылық жаңалықтарын айтты.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер, шоумен және сатира жанрының өкілі. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Өнер жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, “Аграрка сарбаздары”, “Астана.kz”, “Казахи” командаларының құрамында ойнады.
Қабатов көпшілікке күнделікті тұрмыс, отбасы, ер мен әйел қарым-қатынасы және қоғамдағы түрлі құбылыстарды әзілге айналдыратын монологтарымен танылды. Кейін жеке концерттер өткізіп, телевизиялық жобаларға қатысып, жүргізушілікпен де айналысты.
Ол “Әзіл Әлемі” әзіл-сықақ театрына жетекшілік еткен. Тұрсынбек Қабатовқа 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген.