Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов көпшілік алдына шығып, шығармашылығы мен алдағы жоспарлары туралы алғаш рет сұхбат берді. Өнер иесі концерт беруді әлі де тоқтатпағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, қазір жылына екі рет гастрольдік сапарға шығады. Биыл Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан және АҚШ-та өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
«Бір жылда екі гастрольге шығамын. Қазір осы жылғы 25-концертімді бергелі жатырмын. Биыл Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ-қа бара жатырмын. Көрермендерім бар, Аллаға шүкір. Әрдайым зал лық толы отырады», – деді Тұрсынбек Қабатов.
Әзілкеш сонымен қатар өзін әрдайым қолдап, әлеуметтік желіде жылы пікір қалдыратын көрермендеріне алғысын білдірді.
«Мен туралы сұхбат шығып жатса, 50/50 маған жаны ашып, ақтап алып жатады. Жақсы сөздер жазып жатады», – деді ол.
Өнер иесі көрерменнің қолдауы өзіне үлкен күш беретінін атап өтті.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Қабатов - қазақстандық танымал әзілкеш, актер, КВН ойыншысы және сатира жанрының өкілі. Ол қазақы юморды, күнделікті тұрмыстағы жағдайлар мен қоғамдағы түрлі құбылыстарды әзіл арқылы жеткізуімен көпшілікке танылған.
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдаған. Өнер жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясынан бастаған.
2001 жылдан бастап КВН сахнасына шығып, «Аграрка сарбаздары», «Астана.kz», «Қазақи» секілді командаларда өнер көрсеткен. Кейін жеке әзіл кештерін өткізіп, тележобаларға қатысты. 2011 жылдан «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының директоры болды.
2015 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген.
Қазір де Тұрсынбек Қабатов жеке концерттерін өткізіп, гастрольдік сапармен түрлі елдерде өнер көрсетіп жүр.
Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі - Мөлдір Мұқанова. Екеуі студент кезінен танысып, 2003 жылы шаңырақ көтерген. Отбасында бес бала - үш қыз және екі ұл дүниеге келгені туралы дерек бар.

2025 жылы Мөлдір Мұқанова Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қабатовпен заңды түрде ажырасып кеткенін алғаш рет ашық айтты. Оның сөзінше, отбасының сақталуын ұзақ уақыт қалаған, алайда кейін екеуі екі жаққа кеткен. Мөлдір ажырасуға қатысты алғашқы заңды қадамды өзі жасауға мәжбүр болғанын айтқан.
Мөлдір сұхбатында олардың қарым-қатынасы бірнеше жыл бойы күрделі болғанын айтып, отбасын сақтап қалуға тырысқанын жеткізді. Ол Қабатовты «өте жақсы әке» деп атағанымен, отбасы ішіндегі мәселелер туралы толық мәлімет бере алмайтынын айтқан.

Осы сұхбаттан кейін Тұрсынбек Қабатов та өз жауабын жариялап, балаларымен байланысын үзбегенін және оларды жақсы көретінін айтты.
Қазір Қабатовтың жеке өміріне қатысты ақпараттарда оның Айман Талғатқызымен бірге екені және олардың екі ұлы бар екені жазылған.