Бүгінде Тұрсынғали Алагөзовтің есімі көпшілікке "Maxi Чай" брендімен жақсы таныс. Алайда кәсіпкердің қазіргі активтері бір ғана сусын өндірісімен шектелмейді. Оның бизнес портфелінде алкогольсіз сусындар өндірісі, Шымкент сыра зауыты, ұн мен макарон өнімдерін шығаратын JFood Kazakhstan бар. Ал 2026 жылы осы өндірістік активтерді бір орталыққа біріктіру үшін Baiuly Capital холдингі құрылды, деп хабарлайды ult.kz.
Forbes Kazakhstan 2026 жылғы мамырда Алагөзовтің дәулетін 160 млн долларға бағалап, Қазақстанның ең ауқатты 75 кәсіпкері рейтингінде 58-орынға орналастырды. Бір қызығы, осы деңгейге жеткен кәсіпкердің жолы үлкен зауыттан немесе қомақты инвестициядан емес, қарапайым ауыз суын үй-үйге тасудан басталған.

Бәрі "Хрустальная" суынан басталды
Тұрсынғали Алагөзовтің кәсіпкерлік тарихының бастауын 1998 жылдан іздеу керек. Сол кезде Galanz Bottlers компаниясының негізі қаланып, кәсіпкер «Хрустальная» ауыз суын өндіру және жеткізумен айналыса бастайды. Компанияның ресми тарихында да 1998 жыл бизнестің басталған кезеңі ретінде көрсетілген.
Алагөзов кейін алғашқы кезең туралы естелігінде жұмыстың басым бөлігін өзі атқарғанын айтқан. Суды өзі құйып, бөтелкелерді жуып, тапсырыс берушілерге өзінің көлігімен жеткізген. Алғашқы айда бірнеше жүз бөтелкеден басталған сауда біртіндеп мыңдаған бөтелкеге дейін өскен.
2012 жылы The Business Year басылымына берген сұхбатында кәсіпкер бастапқы бизнестің құны шамамен 15 мың доллар болғанын айтқан. Алғашқы өндіріс үшін 100 бөтелке мен сағатына 200 литр суды тазалай алатын шағын жабдық сатып алынып, ғимарат жалға алынған.
Осылайша кейін жүздеген миллион долларға бағаланған бизнестің іргетасы өте шағын өндірістен қаланды.
Қытайдағы сусыннан туған "Maxi Чай"
Алагөзов бизнесіндегі ең маңызды бетбұрыс 2000-жылдардың басында болды.
Кәсіпкер Қытайға барған сапарлары кезінде салқындатылған жасыл шай ішіп, мұндай өнімнің Қазақстан нарығында жоқтығына назар аударады. Содан кейін осы форматтағы сусынды елде өндіру идеясын қолға алады.
Бірақ идеяны іске асыру оңай болмаған. Алагөзовтің айтуынша, қажетті технологияны меңгеру үшін Қытайға жылына бірнеше рет барып, бөтелке, шикізат, шай экстрактілері мен өндіріс технологиясын зерттеген. Қытайлық технологтармен байланыс орнатып, қажетті жабдыққа келісім жасаған.
Нәтижесінде 2004 жылғы 24 маусымда алғашқы «Maxi Чай» бөтелкесі шығарылды. Компанияның ресми тарихы да брендтің өндірісі 2004 жылы басталғанын көрсетеді.
Алғашқы өнім мінсіз болмаған. Кәсіпкердің өз естелігіне қарағанда, бастапқы партияның дәмі мен өндіріс технологиясын жетілдіруге тура келген. Кейін ассортимент кеңейіп, жасыл шай мен лимон секілді дәмдер пайда болды.
Дәл осы өнім кейін Galanz Bottlers бизнесінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды.
45 млн еуролық жаңа зауыт
Сұранысты өтеу үшін Алматинской облысының Байсерке ауылында жаңа ірі өндіріс орны салынды.
Forbes Kazakhstan дерегінше, кәсіпорынның аумағы шамамен 55 мың шаршы метрді құрайды. Алагөзов жаңа зауытқа салынған жалпы инвестиция көлемін 45 млн еуро деп бағалаған. Бұл сомаға жер сатып алу, құрылыс, жабдықтар, энергетикалық инфрақұрылым және өндірістік қуаттарды дамыту шығындары кірген.
Кәсіпкердің айтуынша, инвестицияның шамамен 60%-ы компанияның өз қаражатынан төленіп, қалған бөлігі жабдық жеткізушілермен жасалған пайызсыз бөліп төлеу келісімдері арқылы қаржыландырылған. Яғни бұл жоба үшін банк несиесі тартылмаған.
Бір өндірістік желінің қуаты жылына 350 млн литрге дейін жетуі мүмкін. Қосымша желілер іске қосылған жағдайда жалпы әлеуетті қуат жылына 1,2 млрд литрге дейін жеткізу көзделген.
Осы тұста Алагөзовтің бизнес моделінің тағы бір сипаты көрінеді: дайын өнім сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі қайтадан өндірістік қуатты арттыруға бағытталады.
Алагөзов 2025 жылдың соңында үш негізгі бағыттағы кәсіпорындарда шамамен 5 мың адамжұмыс істейтінін айтып, мұндай ауқымда әр процесті өзі бақылау мүмкін емес екенін түсіндірген. Сондықтан активтерді классикалық холдинг үлгісіне көшіру туралы шешім қабылданды.
Осылайша сусын, сыра және азық-түлік өндірісін бір басқару жүйесіне біріктіру идеясы пайда болды.
Айта кетейік, Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы туралы айтты.