Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Баян Алагөзовадан Тұрсынның бірінші әйелімен бір дастархан басында отыруы мүмкін бе деп сұраған.
Продюсер мұндай жағдайды жоққа шығармайтынын айтты. Оның сөзінше, ортақ балалар болғандықтан, бұрынғы реніштен гөрі олардың көңілі мен мүддесін бірінші орынға қойған дұрыс.
«Ешқашан “ешқашан” деме дейді ғой. Егер адамдар ажырасқанда айғай-шусыз, дүние бөліспей, ұрыс-керіссіз, бір-біріне қастық жасамай, мәдениетті түрде айырылыса алса, бәрі әлдеқайда жақсы болар еді. Сондықтан мен ештеңені жоққа шығармаймын. Ол – мен араласатын балалардың анасы. Мен бұған қарсы емеспін», – деді Баян.
Сондай-ақ ол Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсеннің болашақ үйлену тойы туралы да айтты. Баян мұндай маңызды сәтте жұбайының жанында болып, тойға отбасы мүшесі ретінде қатысқысы келетінін жеткізді.