Түркістанның беймәлім тарихы: Алматыда үш тілде жарық көрген бірегей кітап таныстырылды

Түркістанның беймәлім тарихы: Алматыда үш тілде жарық көрген бірегей кітап таныстырылды

Алматыда Түркістан тарихын жаңа қырынан танытатын «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Үш тілде жарық көрген басылымға сирек фотосуреттер, архивтік материалдар мен көпшілікке беймәлім тарихи деректер енген, деп хабарлайды ult.kz.

Тарихшы әрі зерттеуші Саттар Мәжитовтың «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» / «Туркестан вечный и всегда новый» / «Turkestan eternal and ever new» атты кітабы Түркістанды танымал тарихи оқиғалар мен үйреншікті деректер шеңберінде ғана емес, сирек материалдар арқылы таныстырады.

«Мұндай киелі туындыны жазу оңай емес. Түркістан жайлы жазылған мыңдаған кітап, миллиондаған мақала бар. Біз "енді не айтамыз?" деген сұраққа келгенде қиналдық. Оны сөзбен жеткіземіз бе, суретпен бе, әлде артефактілер арқылы көрсете аламыз ба деп көп ойландық. Бұл менің ғана еңбегім емес, үлкен ұжымның жұмысы», – дейді кітап авторы Саттар Мәжитов.

Автор Түркістан тарихының көп айтыла бермейтін қырларына ерекше назар аударған. Кітапта өңірдің әр дәуірдегі тынысы, тарихи тұлғалардың тағдыры мен мәдени мұрасының қалыптасу жолы қамтылған.

Ұжым тарихи деректерді мәтін арқылы ғана емес, фотосуреттер мен архив материалдары арқылы көрсетіп, кітапты өзіндік визуалды шежіре ретінде жасаған.

Үш жүзге жуық иллюстрация мен бірегей фотосурет енді

Жоба жетекшісі Гаухар Саймасаеваның айтуынша, басылымды дайындау барысында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Франция, Өзбекстан және Қытайдағы архивтер мен музей қорлары зерттелген. Жалпы, кітапта үш жүзге жуық иллюстрация мен бірегей фотосурет бар. 

«Санкт-Петербургке барып, Третьяков галереясында және Ресей этнографиялық музейінде жұмыс істедік. Еревандағы Орыс өнері музейімен де бірлесіп жұмыс жасадық. Осылайша өте ауқымды материал жинадық.

Былтыр мамырда "Шығысқа жол" атты көрме ашылыпты. Онда Третьяков галереясының ғана емес, Ресейдегі басқа да музейлердің Орталық Азия мен Түркістан өлкесіне қатысты еңбектері қойылған. Біз сол жерден 17 бірегей картинаны таңдап алдық. Олар Қазақстанның кітап өнері тарихында алғаш рет осы басылымда ұсынылып отыр», – деді Гаухар Саймасаева.

Кітапта арнайы суретшілер салған жаңа иллюстрациялар да бар. Нұрлан Әбішев жоба үшін үш ауқымды туынды жасаса, Дәурен Қастеев екі монументалды шығарма салған.

Сонымен қатар басылымда Рабия Бегімнің бейнесі де алғаш рет ұсынылған. Авторлар оны тарихи деректер мен Ілияс Есенберлиннің шығармаларындағы сипаттамалар негізінде бейнелеген.

Сирек фотосуреттер мен архив материалдары жинақталған

Жоба авторлары Түркістанға қатысты материалдарды еліміздегі музейлерден ғана емес, Ресейдің, Өзбекстанның және басқа да шетелдік қорлардан іздеген.

«Түркістанға кітапқа байланысты бес рет бардық. "Ұлы дала" орталығына кірген кезде Нұрлан Қилыбаевтың керемет картиналарын көрдік. Әлеуметтік желі арқылы Нұрланды тауып, байланысқа шықтық. Ол өз жұмыстарын кітапта пайдалануға ешқандай ақы сұрамай рұқсат берді. "Мен үшін жұмыстарымның осындай кітапта жарық көруі – үлкен мәртебе", – деді», – деді жоба жетекшісі.

Кітапқа 1866 жылы Түркістанға келген орыс саяхатшысы әрі этнограф Петр Пашиноның еңбектеріндегі көне суреттер де енгізілген. Олар сол кезеңдегі Түркістанның бейнесін көрсететін сирек материалдардың бірі.

Жалпы кітапта XVII-XX ғасырлардағы шетелдік және ресейлік суретші-зерттеушілердің еңбектері, тарихи деректер, сәулет ескерткіштері мен бірегей жәдігерлер туралы мәліметтер қамтылған.

Кітаптың безендірілуіне де ерекше мән берілген. Көне суреттер, архив құжаттары, тарихи мәтіндер мен қазіргі Түркістанның фотосуреттері бір-бірімен үйлесіп, қаланың өткенін бүгінгі келбетімен байланыстыратын тұтас көрініс қалыптастырады.

Кітаптың мұқабасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік бейнесін еске түсіретін тас композиция қолданылған. Бұл шешім басылымның Түркістанның басты тарихи символымен байланысын айқындайды.

Үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітап Түркістанның тарихы мен мәдени мұрасын халықаралық оқырманға таныстыруды көздейді.

Айта кетейік, биыл көктемде Түркістанда өткен халықаралық кездесулер барысында кітап алты мемлекет басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан естелік сыйлық ретінде табысталған.