Түркістандағы қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz.
Түркістан облысы Келес ауданындағы Ошақты каналында қайғылы жағдай болып, бір үйдің екі баласы – 13 жастағы Диас пен 8 жастағы Юсуфахмет көз жұмды. Құтқарушылар оларды бір тәулік бойы іздеп, кейін екі баланың да денесін судан тапқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға балалардың үлкендерді қараусыз қалған сәтінде болған. Көпбалалы отбасының анасы Айгүл Тамашева сол күні таңғы сағат 05:00-де жұмысқа кеткен. Артынша мүмкіндігі шектеулі әкесі де нәпақа табу үшін үйден шыққан. Үйдегі балаларға үлкен қызы қарағанымен, ол анасына дәрі-дәрмек апару үшін сыртқа кеткен кезде Диас пен Юсуфахмет үйден шығып кеткен. Туыстарының айтуынша, ағайындылар жақын маңдағы каналға барған.
Куәгерлердің болжамынша, алдымен кішісі суға құлап кеткен болуы мүмкін. Оны құтқармақ болған ағасы да қатты ағысқа түсіп, екеуі де судан шыға алмаған. Ресми органдар бұл нұсқаны әзірге растаған жоқ.
Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Нәтижесінде құтқарушылар бір баланың мәйітін ауыл маңынан, ал екіншісінің денесін ағыс алып кеткен шамамен бір шақырым жерден тапқан.
Айгүл Тамашева жеті баланың анасы. Бір күнде екі бірдей ұлынан айырылған отбасы ауыр қайғыны бастан өткеріп отыр. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып, тиісті органдар тексеру жүргізуде.