Түркістан облысында той өткізуді тоқтатпай отырған 50 тойхананың ісі сотқа жолданды

Түркістан облысында той өткізуді тоқтатпай отырған 50 тойхананың ісі сотқа жолданды


Түркістан облысында той өткізуді тоқтатпай отырған 50 тойхананың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы облысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған департаменттің мәліметінше, бүгінде өңірдегі мейрамханалар мен тойханалардың саны 200-ден асады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты елімізде 1 жылдан астам уақыттан бері отбасылық мерекелік іс- шаралардың барлығына толықтай тыйым салынғандығы белгілі. Дегенмен өңірде тойлардың өтуі әлі күнге дейін тоқтамай отыр. 

Жыл басынан бері мобильді топ пен полиция қызметкерлері 726 отбасылық мерекелерді анықтаған. Отбасылық шаралардың 435-і мейрамханаларда, 291-і жеке үйлерде ұйымдастырылған. Ордабасы ауданында «Шаңырақ» тойханасы 9 рет, Арыс қаласында «Асылай» тойханасында 8 рет, Сарыағашта «Алтын Ғасыр» тойханасы 6 рет, Отырарда «Жұлдыз», «Нұрсая», «Алтын Шаңырақ», Жетісайда «Алтын Сарай», «Табиғат», Төле биде «Аппақ ана», «Шаңырақ», Кентау қаласында «Ақерке», Түлкібаста «Керуен», «Көкжайлау», Шардара ауданында «Гранд Азия» тойханалары 3 реттен той өткізуге жол берсе, Қазығұрт ауданында «Талғат», «Талғай ата», «Медеу ата», «Ханшайым», «Қазығұрт өнімдері» мейрамханалары карантин режиміне қарамастан 2 реттен отбасылық шаралар өткізген. 

«50 мейрамхананың ісі сотқа өткізіліп, 34-не қызметтерін уақытша тоқтату туралы сот шешімдері шықты. Өкінішке орай, кейбір тойхана қожайындары сот шешімінің мерзімі аяқталған соң, қайта той өткізуді жалғастыруға кіріскен. Мәселен Түркістан қаласында «Ұлытау», Мақтарал ауданында «Феруз» тойханаларына 2 реттен сот шешімі шыққан. Карантин талаптарын сақтамай, covid-19 инфекциясының таралу қауіпін тудыруға жол берген кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдар салынды» делінген хабарламада.