Турист жоғалса, іздеу шығынын кім төлейді? Журналист заңнаманы өзгертуді ұсынды

Турист жоғалса, іздеу шығынын кім төлейді? Журналист заңнаманы өзгертуді ұсынды
ашық дереккөз

Алматы тауларында 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатқанда, журналист Михаил Козачков туристерді іздеуге жұмсалатын мемлекеттік шығындарды өтеу мәселесін заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

Журналисттің сөзінше, мемлекет құтқару жұмыстарына қымбат техника сатып алып, құтқарушыларға жалақы төлейді. Ал тауда адасып кеткен туристерді іздеу үшін ондаған адам жұмылдырылып, арнайы техника, дрондар, кинологиялық топтар мен тікұшақтар тартылады.

«Туристерді іздеуге кеткен шығынды заңнамалық деңгейде қалай өтеуге болатынын байыппен ойлануымыз керек. Мемлекет қымбат техника сатып алады, құтқарушыларға жалақы төлейді. Кейін қандай да бір турист бейтаныс тауда суперқаһарман болғысы келіп, ондаған адам оны іздеуге шығады. Олар өз өмірлерін қатерге тігіп, күрделі ауа райында жұмыс істейді, жанармай мен уақыт жұмсайды. Бұл біртүрлі емес пе?» – деп жазды Михаил Козачков.

Қазір Алматы тауларында Оңтүстік Кореяның 73 жастағы азаматы Чо Кукхиді іздеу жұмыстары үшінші тәулік қатарынан жүріп жатыр.

28 қыркүйекте ол бір топ адаммен бірге «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы Талғар асуының маңындағы шамамен 3200 метр биіктікке көтерілген. Кейін ер адам бағытты өз бетінше жалғастырып, қалаға жалғыз түсетінін айтып, топтан бөлініп кеткен.

Алайда ол қонақүйге оралмаған. Оның жоғалғаны туралы ақпарат 29 қыркүйекте 112 қызметіне түскен. Осыдан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі іздеу-құтқару жұмыстарын бастап, жедел штаб құрды.

Қазір іздеу жұмыстарына шамамен 50 адам, 8 техника, 7 дрон, 3 кинологиялық есеп және «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылған.

Құтқарушылар Сол Талғар аумағын, Богданович мұздығын, оған іргелес шатқалдар мен тау соқпақтарын және басқа да жетуі қиын учаскелерді тексеріп жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары қаралып, осы аумақта болған туристерден сұрау жүргізілуде.

Іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.