Түнгі клубтағы атыс: сот айыпталушыға 4 жыл 8 ай жаза кесті

Түнгі клубтағы атыс: сот айыпталушыға 4 жыл 8 ай жаза кесті
Фото: freepik

Астанада түнгі ойын-сауық орнында газ тапаншасымен адамға оқ атқан қала тұрғыны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталған азамат алкоголь ішіп, газ толтырылған шарларды тұтынғаннан кейін түнгі клубта өзге келушілерге себепсіз тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Оның әрекетіне ескерту жасаған келушімен арада жанжал туындаған. Осы сәтте күдікті өзімен бірге алып жүрген газ тапаншасын шығарып, жәбірленушінің кеуде тұсына екі рет оқ атқан. Салдарынан зардап шеккен адам дене жарақатын алған.

Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Сот оны газ қаруын қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтауға шақырып, құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңда көзделген жауапкершілік міндетті түрде қарастырылатынын еске салды.