Тұмаудан сақтанудың жолы: аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Тұмаудан сақтанудың жолы: аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
Фото: freepik

Күз-қыс айларында ауа температурасының төмендеуімен бірге тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар жиілейді. Тұмау адамнан адамға оңай жұғатындықтан, қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдыру маңызды, деп хабарлайды ult.kz.

Тұмау қалай жұғады?

Тұмау вирусы көбіне науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы тарайды. Вирус жұққан адамның қолынан немесе ластанған заттардың бетінен де жұғуы мүмкін.

Аурудың жиі кездесетін белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас және бұлшықет ауыруы, әлсіздік, жөтел, тамақтың ауыруы жатады.

Вакцинация – алдын алудың негізгі жолдарының бірі

Тұмаудың алдын алуда маусымдық вакцинация маңызды рөл атқарады. Вакцина тұмауды толық жоққа шығармайды, бірақ инфекция жұққан жағдайда аурудың ауыр өту қаупін төмендетуге көмектеседі.

Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер, қарттар, кішкентай балалар және медицина қызметкерлері сияқты қауіп тобына жататын адамдар вакцинация мәселесін дәрігермен талқылағаны жөн.

Қолды жиі жуу керек

Қолды сабынмен және сумен кемінде 20 секунд жуу – вирустардың таралуын азайтудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Әсіресе көшеден келгеннен кейін, тамақ ішер алдында және қоғамдық орындардан кейін қолды мұқият жуған дұрыс.

Су мен сабын қолжетімсіз болса, құрамында кемінде 60 пайыз спирті бар қол антисептигін қолдануға болады.

Адам көп жиналатын жерде абай болған жөн

Тұмау маусымында адам көп жиналатын әрі желдетілмейтін орындарда ұзақ болуды шектеген дұрыс. Бөлмені үнемі желдетіп, мүмкіндігінше таза ауа кіргізу қажет.

Қоғамдық көлікте, дүкендерде және басқа да адамдар көп болатын жерлерде жеке гигиена ережелерін сақтау да маңызды.

Тұмау белгілері байқалса, не істеу керек?

Дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік, жөтел, бұлшықет ауыруы сияқты белгілер байқалса, өз бетімен антибиотик қабылдамаған дұрыс. Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді.

Ауру белгілері ауыр болса немесе адамның жағдайы нашарлай берсе, дәрігерге қаралған жөн. Әсіресе кішкентай балаларда, қарт адамдарда, жүкті әйелдерде және созылмалы ауруы бар адамдарда инфекцияға мұқият қарау қажет.