Кеше, 28 шілдеде Тоқтар Әубәкіров 80 жас мерей тойын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Тойдан үзінділерді әнші Зарина Омарова әлеуметтік желіге жүктеді.
«Ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға - Тоқтар Әубәкіров ағамыз.
80 жас мерей тойыңыз құтты болсын!
Аңыз ағамыздың ғұмыры ұзақ болсын деп, құттықтап қойыңыздар!», - деп жазды әнші.
Айта кетейік, Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы. Ол 1946 жылдың 27 шілдесінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Бірінші Май ауылында (қазіргі Тоқтар ауылы) дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ аспан әлеміне қызығып, ұшқыш болуды армандаған. Еңбек жолын Теміртауда токарь болып бастап, кейін Армавир жоғары әскери авиация училищесін тәмамдап, әскери ұшқыш атанды.

Тоқтар Әубәкіров авиация саласында ерекше шеберлігімен көзге түсіп, ондаған жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізді. Оның батылдығы мен кәсіби біліктілігі үшін 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кейін авиация генерал-майоры дәрежесіне дейін көтерілді.
1991 жылдың 2 қазанында Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты. Ол «Мир» орбиталық станциясында сегіз күнге жуық уақыт болып, «Ғарыш–Қазақстан» бағдарламасы аясында бірнеше ғылыми тәжірибе жүргізді. Ғарышта Арал теңізінің экологиялық жағдайын бақылау, медициналық-биологиялық зерттеулер мен басқа да ғылыми жұмыстар атқарылды. Экспедиция 1991 жылдың 10 қазанында сәтті аяқталды. Осылайша Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан тұңғыш, әлемнің 256-шы және КСРО-ның 72-ші ғарышкері ретінде тарихқа енді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров елдің ғарыш саласының дамуына, ғылым мен жастар тәрбиесіне үлес қосты. 1995 жылы оған Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаттарының бірі – «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Сонымен қатар ол техника ғылымдарының докторы, профессор атанды.
