Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметіндегі жеті жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін күрделі геосаяси өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы уақыт аралығындағы Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары мен халықаралық аренадағы ұстанымы туралы ult.kz тілшісі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің лекторы, саясаттанушы Жанат Момынқұловпен сөйлесті.

Фото: Жанат Момынқұловтың facebook парақшасынан
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі жеті жылдық сыртқы саяси қызметіне жалпы қандай баға берер едіңіз? Осы кезеңдегі сыртқы саясаттың басты ерекшелігі неде?
– Меніңше, Тоқаевтың басты жетістігі – халықаралық қайшылықтар мен геосаяси дауыл күшейген кезеңде Қазақстанның көпвекторлы ұстанымын және әртүрлі күш орталықтарымен жұмыс істеу мүмкіндігін сақтауы. Осы тұрақсыз кезеңнің ерекшелігі – жаһандық тәртіп дағдарысындағы көпвекторлы саясаттың қауіпсіздік, логистика-сауда жолдары және макроэкономикалық тұрақтылық сияқты нақты міндеттермен тығыз байланысты болуы дер едім. Орталық Азияға геосаяси қызығушылықтың күрт артуымен Қазақстанның да сырттағы белсенділігі байқалды. Тоқаев Қытаймен цифрлық, экономикалық байланысты тереңдетіп, соғыс жағдайындағы одақтас көршісі Ресеймен күрделі саяси-экономикалық тепе-теңдікті сақтауға күш салды. АҚШ, Азия, Таяу Шығыс, Еуропа аймақтарымен байланыстар жаңа сатыға көтеріліп, тереңдей түсіп, Қазақстанның әлемдегі көлік-логистика мен сирек ресурстар саласындағы балама маңызы арта түсті.
– Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі оның Президент ретіндегі сыртқы саяси шешімдеріне қаншалықты ықпал етті? Президент пен дипломат Тоқаевтың жұмысында қандай айырмашылық байқауға болады?
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі оның сөз саптауы, өзін ұстауы, келіссөз жүргізу тәсілі және күрделі жағдайда қарым-қатынасты үзбей, өз ұстанымын сақтауынан байқалады. Президент мемлекеттің негізгі сыртқы саяси бағытын айқындап, оның қауіпсіздікке, экономикаға және қоғамға әсерлері үшін жауапты болады. Халықаралық себептер елімізді белсенділікке итермелеген кезде Тоқаев тәжірибелі кәсіби дипломат ретінде Қазақстанды орта күш ретінде жаңа қырынан танытты. Жоғары билік басына А.Дәдебай сынды дипломатиялық тәжірибиесі бар саясаткерлер келе бастады. Тоқаев мемлекетті дипломат сияқты басқарады, әрі қоғаммен қатынастарда да осы әдісті қолданады.
– Соңғы жеті жылда Қазақстанның сыртқы саясатындағы қандай басымдықтар өзгерді, ал қай бағыттар бұрынғыдай сақталды?
– Ресеймен, Қытаймен, Батыспен және көрші елдермен теңгерімді байланыс орнату бағыты сақталды. Бірақ бұлардың әрқайсысымен қатынастар тереңдеп, күрделене түсті. Әсіресе, көлік жолдарын әртараптандыру, санкциялық тәуекелдерден сақтану, елге инвестиция мен технология тарту және Орталық Азияның өзара байланысын күшейту бұрынғыдан маңызды бола түсті. Жасанды зерде мен цифрлық технологияның саясаттағы өзектілігі күшейді. Каспий теңізі арқылы Орта дәліз жобасының маңызы артты. Сыртқы саяси белсенділіктің әлеуметтік-экономикалық нәтижесіне қойылатын қоғамдық талап та біршама өсті.
– Тоқаевтың президенттігі кезінде Қазақстан–Қытай қатынастары айтарлықтай белсенді болып жатыр. Бұл қарым-қатынастың қай салаларын басым маңызға ие деп санайсыз?
– Мен көлік-логистиканы, өңдеу өнеркәсібін, энергетика және цифрлық технология салаларын басым бағыттар деп санаймын. Қазақстан үшін Қытайға шикізат сатумен қатар, оның нарығына дайын өнім шығару және өндірістік тәжірибесін игеру маңызды. Әр жобаны жергілікті мамандарға, кәсіпорындарға және технологиялық қабілетімізге беретін пайдасымен бағалау қажет. Қазақстан Қытайдың айрықша жақын экономикалық-саяси серіктесіне айналды, визасыз жүйемен бірге екіжақты қатынастар тереңдеп кетті. Қытай алдағы кезеңде біздің елдің жетекші серіктесі болуға дәмесі бар күш болуы мүмкін. Тоқаевтың жоспары Қытайдың даму жетістіктерін Қазақстанның дамуында пайдалану, Қытайдың ноу-хау тәжірибесіне сүйену болуы мүмкін.
– Мемлекет басшысының Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты күшейтуге бағытталған саясатын қалай бағалайсыз?
– Бұл – Тоқаевтың сыртқы саясатындағы ең қажетті, формалды бағыттардың бірі. Орталық Азияның әлемдегі маңызы артуы Қазақстан үшін жаңа геосаяси маневр алаңын кеңейтті. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанның саяси ынтымақтастығы аймақтың экономикалық мүмкіндігін кеңейтіп, C5+ саммиттері арқылы әлемдік ірі күштермен келіссөздегі салмағын арттырып отыр. Су, энергетика және көлік мәселелерін бірлесіп шешу арқылы аймақ ретінде өз ортақ мүдделерін қорғауға үйрену үстінде. Әзірге аймақ елдері ұлттық мүдделер мен аймақтық ықпалдастық стратегиялары арасындағы нәзік теңдікті ұстауға тырысуда. Аймақ елдері бірлеспейтін болса келешекте жаһандық күштер арасында геосаяси бөліну сызығына айналуы ықтимал.
– Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы белсенділігі соңғы жылдары артты. Бұл бағытты Қазақстанның сыртқы саясатындағы жаңа күш орталығы ретінде қарастыруға бола ма?
– Түркі мемлекеттері ұйымын әзірге толық қалыптасқан әлемдік күш орталығы деуге асықпас едім, бірақ оның экономикалық және саяси әлеуеті бар. Қазақстан үшін бұл бағыт серіктестерді көбейтуге, көлік байланыстарын, өндіріс пен технологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Тарихи жақындығымыздың құндылығы нақты ортақ жобалар арқылы көрінуі қажет. Болашақта түркі елдерінің геомәдени және адам ресурстары, Еуразияның ортасында әртүрлі аймақтар мен жолдардың торабында орналасуы бұл ұйымның геосаяси маңызын арттырады. Бұл ұйымның нығаюы Қазақстанның мүше елдермен түркі бірлігінің мақсаты мен бағыттары келісе алуына байланысты.
– Қазақстанның Еуропа одағымен және АҚШ-пен қатынастары Тоқаевтың президенттігі кезінде қалай өзгерді?
– Еуропалық одақпен қатынаста көлік, энергетика және маңызды шикізат бағыттарының салмағы артты, ал АҚШ-пен байланыста инвестиция, технология және аймақтық диалогқа көбірек назар аударылып келеді. Каспий аймағының географиялық байланыстырушы маңызы артып отыр. Қазақстан үшін бұл қатынастар сыртқы таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Ендігі міндет – сол саяси қызығушылықты өндіріс пен білімге ұзақ мерзімді пайда әкелетін әріптестікке айналдыру. Тоқаев Батыс әлемімен, Трамппен қарым-қатынастарды жаңа белеске шығарып, геосаяси ойынға қосылды.
– Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО және басқа халықаралық ұйымдардағы белсенділігін Тоқаевтың сыртқы саясатының маңызды бөлігі деп бағалауға бола ма?
– Қазақстан үшін халықаралық ұйымдар – өз мүддесін жеткізуге, келісімдерге қатысуға және мәселелерді ортақ ережелер арқылы шешуге мүмкіндік беретін алаңдар. Оның үстіне бұл салада салмақты тәжірибесі болғандықтан Тоқаев бұған аса үлкен мән беруі табиғи жайт. БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және ЕАЭО-ның міндеттері әртүрлі болғандықтан, әрқайсысындағы қатысуымызды нақты пайдасы мен міндеттемелері тұрғысынан бағалау қажет. Белсенділіктің өлшемі – өткізілген жиын санынан көрі, Қазақстан ұсынған бастамалардың орындалуы.
– Егер Тоқаевтың сыртқы саяси қызметіндегі жеті жылды нақты нәтижелермен өлшейтін болсақ, ең маңызды үш нәтижені қандай деп атар едіңіз?
– Бірінші нәтиже – күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның негізгі серіктестермен байланысын сақтап, аумақтық тұтастық мәселесінде өз ұстанымын сақтауы. Екіншісі – Орталық Азиядағы өзара жақындасуға үлес қосып, аймақтық әріптестікті күшейтуге мән беруі. Үшінші – балама көлік бағыттары мен жаңа экономикалық байланыстарға қосылуға мүмкіндік ашуы; олардың толық нәтижесі жобалардың алдағы орындалу сапасына байланысты болмақ.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Балжан Жеңісқызы