Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізіп, Қазақстанның инвестициялық ахуалы, экономиканың өсімі және цифрлық трансформация мәселелері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, сыртқы экономикалық ахуалдың күрделілігіне қарамастан, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, елдің жалпы ішкі өнімі 300 миллиард доллардан асты.
«Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа Конституцияның күшіне енуі инвесторлар үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық. Бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық бизнеске қолайлы институционалдық орта қалыптасқанын айтып, инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылғанын еске салды.
Сонымен қатар инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсету үшін Инвестициялық штаб жұмыс істеп жатқанын, ал шетелдік кәсіпкерлерге Altyn visa бағдарламасы арқылы салықтық жеңілдіктер мен жеңілдетілген көші-қон рәсімдері ұсынылатынын жеткізді.
Президент өз сөзінде жасанды интеллектіні дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атады.
«2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», – деді ол.
Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып екі суперкомпьютерді іске қосқанын, сондай-ақ Парламент қабылдаған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы елдің технологиялық дамуына жаңа серпін беретінін айтты.
Президенттің мәліметінше, Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарының ірі кластерін құру жоспарланып отыр. Бұл жобаға Amazon, G42 және өзге де жетекші халықаралық технологиялық компаниялар қызығушылық танытып отыр.